Жаңаөзенде өткен садақ атудан чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Садақ атудан тұңғыш рет өткен республикалық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды.

Биыл 16 қазан күні Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионат өтті.

Чемпионаттың мақсаты – дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттау, яғни оны қазақтың ұлттық спорттық өнері ретінде дамыту.

Чемпионат Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Дәстүрлі садақ ату федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

Тұңғыш республикалық чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 170-ке жуық спортшы қатысты. Чемпионат жасөспірімдер (7-17 жас аралығы), жастар (18-24) және ересектер (+24) арасында өтті. Ерлер мен әйелдер категориясы бөлек.

Садақшылар 10 метрден 75 метрге дейінгі қашықтыққа арналған Олимп, Жамбы, Пута, Қырғыз (Орта Азия), Қазақ (Жамбы) деген нысана түрлері бойынша мергендік шеберліктерін сынасты.

Жалпы командалық есепте бірінші орынды Шымкент қаласының құрамасы еншілеп, 1 миллион теңге көлемінде сыйақы алды. Екінші және үшінші орындарды Абай және Жетісу облыстарының командасы алды.

Жеке есепте әрбір форматта бір-бір жеңімпаздан анықталып, әрқайсысы 100 000 теңге көлемінде жүлдеақыға қол жеткізді.

Тұңғыш ұйымдастырылып отырған республикалық чемпионаттың жалпы жүлде қоры 9 750 000 теңге болды.

Exit mobile version