Жаңаөзенде «Нағыз қазақ» фотобайқауы өтіп жатыр

Жаңаөзен қаласындағы «Көркем Әлем» компаниясының ұйымдастыруымен желі қолданушылары арасында «Нағыз қазақ» фото байқауы өтіп жатыр.

Байқаудың ерекшелігі – кішкентайлардың ет жеп, сүйек мүжіп отырған ерекше фотолары сынға түседі.

– Ертеде үлкендер дастархан басында ас ішіп отырған кішкентай балақайларға етін жеп, сүйекті мүжісін деген ниетпен қойдың жілігін беріп қояды екен. Ондағы ойы – жілік мүжудің тісі енді шығып келе жатқан балалардың ағзасына әкелер пайдасы зор, дейді ұйымдастырушылар.

Ең үздік 5 суретке қаржылай сыйлық беріледі. Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен қатысуға болады. 30 қыркүйек күні компания мамандарының қазылығымен жеңімпаздар анықталады.

«Көркем Әлем» – ет өңдеу ісімен айналысатын Жаңаөзен қаласынан ашылғалы отырған үлкен кәсіпорын. Компания өндірістік мақсатта ғана жұмыс жасап қоймай, Жаңаөзен қаласының ілгері дамуына үлес қосуды көздейді. Сонымен қатар, қоғамдық істерден қалыс қалмай, ұлттық ғұрып пен дәстүрді насихаттау жолында үн қосуды міндет тұтады.

Осыған дейін бірнеше рет өткізілген «Асық PARTY» ойыны да, «Нағыз қазақ» фото байқауы да осы міндет тұрғысында өткізіліп жатқан шаралар.

Exit mobile version