«Ыстықкөл ойындарында» маңғыстаулық волейболшылар топ жарды

Маңғыстаулық волейболшылар халықаралық Ыстықкөл спорттық ойындары жарысында жақсы нәтиже көрсетті.

Қырғызстандағы Ыстықкөл көлінің жағасында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Иран, Швеция және Қырғызстан мемлекеттерінің қатысуымен ерлер мен әйелдер арасында ХХІ халықаралық «Ыстықкөл спорттық ойындары» өтті.
Барлығы 2500-ге жуық кәсіби спортшылар, әуесқойлар, ардагерлер және параспортшылар қатысты. Спорттың 24 түрі қамтылған.

Соның ішінде жағажай спорт түрлері: жағажай футболы, жағажай волейболы, жағажайлық регби, жағажайлық самбо, жағажайлық күрес, сумо күресі, белдеудегі Алыш күресі, ерлер мен әйелдер арасындағы жеңіл атлетикалық жүгіру.
Еліміздің атынан жағажай волейбол бойынша 2 әйел және 2 ер жұп қатысты. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен маңғыстаулық «Каспий» кәсіби волейбол клубының спортшылары жақсы нәтиже көрсетті.

Атап айтқанда, ерлер арасында 1-орынды маңғыстаулық Дамир Лапов және Дархан Аманжолов иеленсе, 2-орынды Қырғызстан елінің спортшылары, ал 3 орынды маңғыстаулық Мирас Асылбек пен Даниил Жигалов иеленді.

Әйелдер арасында 1-орынды Алматы қаласының спортшылары, 2 орынды маңғыстаулық Екатерина Рюхова және Анастасия Пушинка жеңіп алды, ал 3 орынға қырғызстандық спортшылар жайғасты.

Спортшылармыз ҚР құрама командасында олимпиадалық дайындау орталығы тарапынан өнер көрсетті. Аталған жарыс қыркүйектің 9-17 аралығында өтті.

«Азия-достастық және ынтымақтастық өңірі» ұранымен халықаралық Ыстықкөл спорттық ойындары 2001 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді және жылдан-жылға үлкен танымалдылыққа ие.

Exit mobile version