Yessenov University тұңғыш рет Times Higher Education (THE) рейтингіне енді. Бұл туралы университет ректоры Берік Ахметов фейсбук парақшасында мәлімдеді.
Yessenov University – жаһандық Times Higher Education Impact Rankings рейтингіне енгені туралы ақпарат жарияланды. Бұл жағымды жаңалық жаңа ғана, 2023 жылғы 1 маусым күні бүкіл әлемге бір уақытта тарады.
⁃ 17 талаптан тұратын тұрақты даму мақсаты бойынша алынған жалпы балл негізінде рейтингтік позициялар анықталды. Биыл рейтингке 115 елден 1705 университет кірді, олар университеттердің Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының әрқайсысына қосқан үлесін бағалайды. Сол 17 бөлек рейтингтік кестенің ішінде (әр SDG үшін бір) он түрлі елдің университеттері әлемде бірінші орынды алады. Ал ондағы Yessenov University 7 SDG бойынша +401 көшбасшылық нәтиже көрсетті, – деді Берік Ахметов.
Біріккен ұлттар ұйымына мүше барлық мемлекет келісіп, 2015 жылы Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) қабылдаған болатын. Олардың бәрі 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін бар әлеуеті мен күш-жігерін жұмсап жатыр. Өйткені бұл мақсаттар әртүрлі секторлар мен субъектілерді, қаржылық ресурстарды, білім-ғылым мен тәжірибені біріктіру арқылы кешенді түрде ортақтасып жұмыс істеуді қажет етеді.
Айта кетейік, Impact Rankings – университеттердің дамуын айқындауға арналған алғашқы бүкіләлемдік бастама. Бұл бастаманың негізгі қозғаушы күші университеттердің жауапкершілігін арттыру механизмдерін жандандырады. Ол қазірдің өзінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
⁃ Аталмыш рейтинг талаптары мейлінше көп университеттердің қатысуына ыңғайланып дайындалған. Алайда оған қатысуға кез келген жоғары оқу орны тәуекел ете алмайды. Соған қарамастан, дүниежүзілік деңгейде өз орнын табуға талпынған Yessenov University үшін бұл көрсеткіш – мәртебелі меже, – деді Б. Ахметов.
Yessenov университеті академиялық, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік өмірде нақты бастамаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, негізгі әлеуметтік институттарға қолдау көрсету үшін бакалавриат бағдарламаларының бірінші жылындағы «Қоғамға қызмет» деп аталатын жалпы курста студенттер түрлі қоғамдық жобалармен белсенді айналысады.
30-дан астам қарттар үйі мен балалар үйіне барады және қоғамдастық мүшелеріне зор қолдау көрсетеді. Бұл игі істер қоғамды ізгілендіре түседі, жастардың өз ортасын кеңірек тануына, әлеуметтік құндылықтарды дамытуға жол ашады.