Yessenov University-де Германия жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстан-неміс университінің басшылығымен кездесті.

Басқосуға Қазақстан-Неміс университетінің президенті Вольрад Роммель, халықаралық қатынастар бойынша проректор Барбара Януш-Павлетта және осы университеттің құрылтайшысы Абдумуталип Абжаппаров қатысты.

Аймақ басшысы Қазақстан-Германия арасындағы тығыз қарым-қатынасты атап өтіп, соның ішінде білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың интеллектуалды ұрпақ қалыптастыру бойынша берген тапсырмасы аясында елімізде шет елдің озық университеттерінің филиалдарын ашу қолға алынуда. Қазақстандық жоғары оқу орындары Германияның Гамбург университеті, Берлин техникалық университеті, Магдебург университетімен бірге әріптестік байланысты арттыруға ынталы.

Осы орайда біздің Yessenov University де тәжірибе алмасу, академиялық ұтқырлық, қос диплом бағдарламалары бойынша, профессор-оқытушыларымыздың бірігіп ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысуы үшін ынтымақтастық орнатуға кіріскен екен.

Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан барлық бастамаларыңызды ықыласпен қолдаймыз. Кәсіби техникалық қажеттілік бойынша мамандар дайындау үшін қазірден-ақ оқу бағдарламасына жаңа бағыттар қосуға сұраныс туып тұр, – деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.

Басқосу барысында Қазақ-неміс университетінің проректоры Барбара Януш-Павлетта бағдарламалары мен жобаларын таныстырса, университ президенті Вольрад Роммель Маңғыстау өңірінде Еуропалық стандартқа сәйкес инженер мамандарын дайындауда және ғылыми салаларды дамытуда ат салысуға ниетті екенін жеткізді.

-Ұсынылып отырған бастамалар германиялық ноу хау әдістерге негізделген. Біз Маңғыстау облысында инженерлік саланы одан ары дамытуға ат салысуға мүдделіміз. Yessenov University-пен бірнеше жобалар бойынша келіссөздер бастадық. Бұл жобалар Маңғыстау облысының сұранысына негізделген. Аталған жоба аясында инженерлік, логистика, энергетика жүйесі, баламалы су көздері сияқты салалар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары өтеді. Yessenov University-мен бірлесіп, Маңғыстаудағы өнеркәсіп мекемелерінің сұраныстарына сай мамандарды сапалы түрде дайындаймыз деген ойдамыз. Бірлескен инженерлік институт Инженерлік істе кемелдікке жетудің Қазақ-Неміс қақпасы болып табылар еді, – деді Неміс-қазақ университетінің басшысы Вольрад Роммель.

Exit mobile version