Yessenov University-де екі оқу зертханасы ашылды

Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің қабырғасында екі оқу зертханасы ашылды.

Алғашқысы – «Ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу» зертханасы. «Қаражанбасмұнай» АҚ демеушілік көмегімен толықтай жабдықталып, динамикалық деректерді талдау КАППА бағдарламасы орнатылды. Бұл бағдарлама оқытудың барлық деңгейіндегі кәсіби пәндерді оқытуда, сондай-ақ магистрлік және докторлық диссертацияларды орындау кезінде кеңінен қолданылады.

Оқытушылық құрам да «Қаражанбасмұнай» АҚ өндірістік базасында бағдарламаны меңгеру бойынша біліктілігін арттырып, кәсіби шеберлігін де шыңдап келді.

Сонымен қатар Erasmus+ халықаралық білім беру бағдарламасы GEOCLIC жобасының Каспий теңізі шельфін игеру кезіндегі жағалау экожүйелері проблемаларын және гидродинамикалық бағдарламалық қамтамасыз етуге бағытталған «Бағдарламалық қамту» зертханасы да ашылды.

Жоба суды тұшыту, мұнай-газ өндіру және теңіз экологиясы саласындағы мамандарды даярлауда оқытуды жетілдіру, жаңғырту және интернационалдандыру, жаңа геокеңістіктік технологияларды, үлкен деректер мен қашықтықтан зондтауды пайдалана отырып, қоршаған орта және мұнай-газ аймақтары саласындағы жаңа бакалавр/магистратура/докторантура деңгейлерінде нарық талаптарына және озық тәжірибеге сәйкес инновациялық үш деңгейлі білім беру бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған.

Exit mobile version