Түпқарағанда 100 орындық жаңа спорт кешені ашылды

Түпқараған ауданына қарасты Баутин ауылында Халықаралық Спорт күні мерекесі қарсаңында спорт кешені ашылды. Салтанатты жиынға Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ. Жұмабаев, Түпқараған ауданының әкімі Р. Елтизаров, аудан ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Баутин ауылы мен Аташ елді мекеніне ортақ Спорт кешені «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жергілікті бюджет қаражатына салынды. Сыйымдылығы 100 орынға шақталған спорт кешенінің құрылыс жұмысы өткен жылдың сәуір айында басталды. Онда 10 спорт түрі бойынша үйірмелер жұмыс жасайды. Үйірме қатарында футбол, волейбол, баскетбол, дзюдо, қазақша күрес, бокс, қол күресі, бес тас, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары бар. Ауыл жастары тегін жаттыға алады.

Мерекелік жиынның шымылдығын ашқан аудан әкімі Рахат Тезекбайұлы Елтизаров тұрғындарды мерекемен құттықтап, спорт кешенінің жұмысына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға спорт шеберлігіне үміткер куәлігін табыстады.

Салтанатты түрде лента қию құрметі спорт саласының ардагері, «Дене шынықтыру және спорт саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Нұргелді Демеуов, спорт ардагері, «Ауыл Еңбегі» медалінің иегері Қуантқан Төлегенов және жақын арада кикбоксингтан ҚР чемпионатында топ жарып, әлем чемпионатына жолдама алған жас спортшы Аманбек Ерікұлына берілді.

Exit mobile version