Теңіз жағалауында «Open air» тимбилдингі өтті

24-26 тамыз күндері теңіз жағалауында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың тапсырысы негізінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында студенттік өзін-өзі қалыптастыру жүйесін дамыту» жобасы аясында тимбилдинг өтті. Жарыс үш күнге созылды, оған 90-ға жуық жоғары оқу орны мен орта арнаулы оқу орнының білім алушысы қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – жастардың интеллектуалды әлеуетін дамыту, өзін-өзі қалыптастыру, студенттердің басын біріктіріп, тиімді уақыт өткізу.

Тимбилдинг аясында жастар 4 топқа бөлінді. Алты кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде қатысушылар бір-бірінің қолынан ұстап, шеңбер ішінен өтуі қажет болды. Бұл сайыста ұйымшылдығы мен жылдамдығы жарасқан топ жеңіске жетті.

Ал екінші кезеңде қатысушылардың шапшаңдығы сыналды. Тапсырма бойынша, жастар жүгіріп, шашылып жатқан ойыншықты ыдысқа салуы керек. Ең көп ойыншық жинаған команда жоғары ұпайға ие болды.

Содан кейін теңіз жағасында үлкен доппен волейбол ойнады. Ойын әдеттегі волейбол ойынынан өзгерек. Себебі желге оңай ұшатын допты, команда мүшелері жерге түсірмей, қағып алуы тиіс. Бірақ, бұл ойын қатысушыларды біраз әбігерге түсірді.

«Ш. Есенов атындағы университеттің 1-курс студентімін. Шымкент қаласынан оқуға келдім. Студенттік өмірім қызықты басталғанына қуаныштымын. Тимбилдингте түрлі ойындар ойнап, жаңа орта, жаңа достар таптым. Жалпы Ақтаудағы алғашқы күндерім өте сәтті басталды», – дейді Әбілхан Асылхан.

Тимбилдингте тек спорттық жарыстан ғана емес, сонымен қатар қатысушылар ән айтып, би билеуден де сынға түсті.

Алғашқы күні жүзден жүйрік шыққан «Каспий» командасы 1-орынға ие болды. Тимбилдингтің екінші күні «Каспий жастары» командасы топ жарды. Ал үшінші күні «Дома-Дома» тобы топ жарды. Белсенді қатысушылар арнайы дипломмен марапатталды.

«Маған бүгінгі күн өте қатты ұнады. Жарыс жақсы ұйымдастырылды. Сондықтан жаңадан келіп жатқан студенттерге айтарым, іс-шараларға бірге қатысайық. Алғыс хатпен марапаттап жатыр, жаңа белсенді орта тауып жатырмын. Бәрі керемет өтті», – дейді 1-курс студенті Пірімжан Диас.

Айта кетейік, тимбилдингті «Ақтау студенттер альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырды.

Exit mobile version