Теңіз жағалауында «Бизнес жәрмеңке» өтті

Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ашық аспан астында бизнес жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде 300-ден аса тұрғын сауда жасады, – деп хабарлайды облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі.

Шараның негізгі мақсаты – өңірдегі жас кәсіпкерлерді қолдау, олардың өнімін аймақ тұрғындарына таныстыру. Сонымен қатар бірыңғай сауда көрмесі мен тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыру.

Жәрмеңкеге 10-нан аса кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың қатысушылары, жергілікті нарықты өнім немесе қызметпен қамтамасыз етіп отырған шағын, орта кәсіпкерлік субьекті қатысты.

Теңіз жағалауында өз өнімін ұсынғандардың бірі – қазақы нақыштағы «Көрік» дүкені. «Көрік» дүкені таза былғарыдан жасалған қазақы нақыштағы отандық өнімдерді тұрғындарға жеңілдікпен ұсынды.

«Осы кәсіппен айналысып жүргенімізге 4 жыл болды. Осы уақыт аралығында отандық өнімге халықтың сұранысы өте жоғары екенін байқадық. Қазір біз белбеу, сөмке, тақия, картхолдерді 10 пайыз жеңілдікпен сатып жатырмыз. Осындай алаң жасап берген Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығына алғыс білдіреміз», – деді дүкеннің сату маманы Нұргүл Қуат.

Айта кетейік, жәрмеңке Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының, «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасының өңірлік филиалының қолдауымен ұйымдастырылады.

Exit mobile version