Тағылымдама: Маңғыстаулық жастар Түркияға жолға шықты

Бүгін «Жастар тағылымдамасы» әлеуметтік жобасы жеңімпаздарының алғашқы легі Түркия мемлекетіне жолға шықты. Енді маңғыстаулық бес жас 7-12 қараша аралығында Түркия мемлекетінің жастарға арналған мүмкіндіктерімен және бағдарламасымен танысады.

Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай жеңімпаздарды шығарып салып, тағылымдамадан нәтижелі келуіне тілек білдірді.

— Жоба аясында жастар ҚР-ның Түркия Республикасындағы елшілігінің, «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының, «Türkiye Burslari» бағдарламасымен танысады. Сонымен қатар «Kızılay», «Yeşilay», «Türk Dünyası Araştırmaları Vakfı» және тағы басқа да ұйымдарға барады, — деді жоба жетекшісі Гауһар Шамқұлова.

Оған қоса қатысушылар Стамбұл мен Анкарадағы тарихи-мәдени орындарды аралайды.

Айта кетейік, «Жастар тағылымдамасы» әлеуметтік жобасы биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жобаны «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.

Байқаудың мақсаты- өңірдегі жастардың кәсіби құзыретін дамыту, жаңа жас көшбасшыларды анықтау.

Exit mobile version