«Студенттік күз – 2024» студенттер фестивалінің ашылуы өтті

Бүгін «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен «Студенттік күз – 2024» фестивалінің ашылуы өтті. Шараға өңірдегі жоғары оқу орнының, кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары мен фестиваль қатысушылары қатысты. 

Фестивальді алдымен «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ-ның төрағасы Мейірбек Амангелдиев ашып берді. Ол өз сөзінде дәстүрлі түрде өтетін студенттер фестивальінің мақсатын айтып, барлық жасты белсенділік танытуға шақырды.

Шара барысында талантты жастар өнер көрсетіп, фестиваль жоспары таныстырылды. Жоба жетекшісінің айтуынша, спорттық жарысқа 11 оқу орнынан студенттер қатысып, бақ сынайды. Музыкалық қойылымға қатысу үшін 4 колледж іріктеуден өтті. Сонымен қатар жеребе арқылы сынға түсетін қатысушылардың реттілігі анықталды.

Айта кетейік, «Студенттік күз – 2024» фестивалінің негізгі мақсаты – студенттердің шығармашылығын шыңдау, бос уақытын тиімді өткізу, қоғамдық өмірде белсенділігін арттыру. Шара «Student life» жобасы аясында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе өткізіледі.

Exit mobile version