Шетелдік тағылымдама: Қырғызстан мен Грузияға кімдер барады?

фото ғаламтордан алынды

Маңғыстау облысында алғаш рет ұйымдастырылған «Жастар ұйымдарының көшбасшылары үшін ТМД елдеріне тағылымдамалар» жобасы байқауының жеңімпаздары анықталды.

Байқау комиссиясының шешімімен Мұнайлыда тарих пәнінен сабақ беріп, ерекше балалармен жұмыс істеуді мақсат еткен Ұлмекен Жарасбаева, Ақтаудағы шығармашыл жастардың басын біріктіріп, 4 000 000-ға жуық қаралым жиған контент менеджер, режиссер Нұрсұлтан Мұрзабек, командасымен бірге өңірде алғаш рет ақысыз кәсіби бағдарлау лагерін ұйымдастырған Анар Қатаева, Құрықта дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса да, мұқтажға көмек көрсетіп жүрген Алмаз Дощаев, түзету мекемесіндегі жастарға қашықтан оқуға мүмкіндік жасаған «Ақ жол жастар» жастар қанатының жетекшісі Гүлмайса Шаңбаева жеңімпаз атанды. Сондай-ақ жеңімпаздар қатарында қаладағы студенттік ұйымдарға трансформация жасаған студент Нұрлан Нараддинов, балалар мен жасөспірімдерді оқытып, бірнеше жасты жұмыспен қамтыған Данияр Амангелдиев, 16 жасынан қоғамдық жұмыспен айналысып, облыстың ең жас депутаты атанған Гауһар Шамқұлова және журналист, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырамын деп жүрген Нұрлан Қуанышбай, жаңаөзендік жігіттердің басын қосып, мұқтаж азаматтарға үй салып, сыйлап жүрген Алдияр Төлеуов бар.

Айта кетейік, байқауға өтінім қабылдау екі аптаға созылды. Осы уақыт аралығында 101 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 50 өтінім техникалық іріктеуден өтті. Ал комиссиялық отырыс екі күнге жалғасты. Комиссия құрамында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков, «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Гүлмира Абишева, «Mediana Services Limited» IT компаниясының басшысы Өмірбек Құрбанбаев, Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, Аймақтық жобаларды мониторингілеу орталығының мемлекеттік қызмет және қауіпсіздік базалық бағытын жүзеге асыру тобының басшысы Жақсыгүл Маханбетова және облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Мұқаш Оралбай болды. Алғашқы күні комиссия мүшелері үміткерлермен сұхбаттасып, олардың қоғамдық қызметі мен жетістіктерін бағалады. Ал екінші күні тікелей эфир арқылы жеңімпаздардың есімін көпке жариялады.

«Байқаудың негізгі мақсаты – өңірдегі жас көшбасшылардың шетелдік тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Сол арқылы жастарды жетістікке жетуге, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға шақыру. Аймақ дамуына және әлеуметтік мәселелерді шешуге деген ынтаны арттыру. Енді маңғыстаулық үздік жастар күз айларында Қырғызстан және Грузия елдеріне барып, тәжірибесімен танысады. Сапар барысында алған білім мен жаңашылдықты өз саласына енгізіп, жастардың дамуына арналған жобаларды жандандыруға атсалысады деп сенемін», – дейді жоба жетекшісі Алмаз Жақсылық.

Еске сала кетейік, жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мемлекеттік гранты аясында орындалып жатыр.

Exit mobile version