Шавкат Рахмонов ақтаулық жастармен кездесті

Ақтауда аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновпен кездесу өтті. Кездесуде жастар белгілі спортшыға көкейдегі сұрақтарын қойып, жауап алды. Сонымен қатар жасөсірімдерге кеңесін беріп, спорттың пайдасы туралы әңгіме қозғады.

«Спортта бір күнде жетістікке жету мүмкін емес. Әрбір бала сабағын жақсы оқып, үлгілі тәртіп көрсете алуы керек. Спортты сабақпен бірге алып жүруге болады. Ең бірінші кезекте дұрыс білім алу маңызды. Сондықтан көшеде бұзақылық жасамай, бар қарым-қабілетіңді спортзалда көрсетіп, дәлелдей білсең жетістікке қол жеткізуге болады», – деді спортшы.

Спортшы әңгіме барысында боксшылардың жекпе-жегін жиі көргенін және кімді үлгі тұтқанын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі деңгейге қалай қол жеткізгенін тілге тиек етіп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Еске салайық, қатарынан он жеті рет жеңіске жеткен Шавкат Рахмонов қазір UFC рейтингісінде 3 сатыда тұр.

“Қандай жағдайда болмасын жеңіске жетуге барымды саламын. Сол жолда ерінбей еңбек етіп, жаттығуды жалғастырамын. Бұйырса, келісімшарт жасалға әлем чемпионы атанатын күн алыс емес шығар деп үміттенемін”, – деді Шавкат Рахмонов.

Айта кетейік, шараны Маңғыстау облысы спорт және дене шынықтыру басқармасы және «Dar team» спорт клубы ұйымдастырды.

Exit mobile version