«Қырғызстан қоғамын басқа қырынан таныдық»

– Кеше ғана «Бекен» жас көшбасшылар достастығы ұйымдастырған конкурста жеңімпаз атанған 5 жас Қырғызстан Республикасында тағылымдамадан өтіп келді. Олардың қатарында өзің де барсың. Үш күндік сапар не берді?

– Сапар толығымен өзін ақтады. Ия, бұл уақыттың еншісіндегі сөз болуы мүмкін. Бірақ, 3 күндік сапардың берген әсері мен тағылымы өте ерекше болды. Қашан да «азаматтық көтерілістің эпицентрі» деп білетін Бішкекті, ондағы қоғамды басқа қырынан таныдық. Салт-дәстүрі мен қонақжайлылығы жарасқан, азаматтық қоғамы дамыған, демократиялық бағыты ашық көрінген мемлекет деп баға бердім. Баға беру  құзіретім болмаса да, мен үшін бауырлас Қырғыз елі ашықтығымен, кеңдігімен ұнады.

– Менің білуімше, сіздер үш күн ішінде көрші елдің мәдени, әлеуметтік, кәсіпкерлік бағыттағы қоғамдық қордың, орталықтардың жұмысымен таныстыңыздар?

– Ия, тағылымдаманың мақсаты тәжірибе алмасу болғандықтан, ұйымдастырушы «Бекен жастары» жастар ұйымы Қырғызстан Республикасындағы жастар қозғалысындағы білікті ұйымдар – IDEA Central Asia, ИРМ (Институт Развития Молодежи), жастардың білім  саласындағы тың жобаларымен танылған – «Білім беру бастамалар қоры», орта кәсіптік білімнің стереотипін өзгертуге талпынған  Орта Азиядағы үздік колледждердің бірі – Compass College (art and design), кәсіпкерлердің басын бір топқа біріктірген JIA Бизнес Ассоциация, жастар кәсіпқой бағытын дамыту, инноваторлардың мекенін құрған – Ololo City коворкингтер желісі және алғашқы мемлекеттік Инновациялық Орталық атмосферасымен таныстық. Мәдениеті мен тарихын тану үшін тау бөктерінде орналасқан Supara этно ауылына барып қонақ болдық, Ұлттық Музейге бардық.

– Аталған орталықтар мен ұйымдардың қазақстандық үлгіден қандай айырмашылықтары мен ерекшеліктері бар?

– Айырмашылық –  Қырғыз еліндегі азаматтық қоғамдық бастамаларға көбіне  АҚШ, Еуропалық Халықаралық ұйымдар (елшілік, бірлестіктер) қаржы бөледі. Сондықтан болар, олар ашықтығымен ерекшеленеді. Жобалардың концепциясы басқаша, халыққа жасаған жобалары жарқын әрі кеңінен таратылып көрсетеді. Біздің елде көп жобалар үкіметтен қаржыландырылғасын қағазбастылық көбейіп, кейбір жобалар қағаз жүзінде керемет болып, атқарылуы ақсап жатады. Бұл әрине, азаматтық қоғамның дамуын тежейді.

Ал, ұйымдар өз бағыттарын (ниша) таңдап, сол аудиториямен жұмыстанады. Өзінің тұрақты бенефициарлары арқылы көп жобаларды жүзеге асырады. Жастар ұйымы тек жастарға арналған жобамен, экоұйым тек экожобалармен айналысады. Мақсаттары айқын. Тіпті бір ұйымның мақсаты мені таңқалдырған. «Мақсатымыз – әйтеуір, бір күні мекемеміздің жабылғанын қалаймыз» дейді. Елде аталмыш проблемалардың легі мүлдем азайып, қоғам ешбір бастамашыл ұйымдарсыз да даму үстінде болады деген қағидаларын алға тартады. Ерекше қадам.

– Пікіріңе рахмет!

Пікірлескен: Еділбек Дүйсен

Exit mobile version