Қостанайда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мемлекеттік жастар саясаты мектебі аясында Қостанай облысының жастар ресурстық орталығының қолдауымен Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлеріне арналған екінші білім беру алаңы басталды.
Үш күндік семинар-тренинг «NEET санатындағы жастармен жұмыс» тақырыбында өтіп жатыр. Аталған оқытуға Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Алмаз Жақсылық қатысып, біліктілігін арттыруда.
Оқыту семинары барысында қатысушылар NEET кіші топтарын санау мен анықтаудың жаңа цифрлық құралдарымен танысады. Жастардың осы осал санатымен жұмыс істеу үшін қажетті қарым-қатынас құру мен кеңес беру дағдыларын, әдістерін меңгеруге басты назар аударылатын болады. Оқу барысында жастармен жұмыс жөніндегі мамандар алған білімдерін іс жүзінде сынақтан өткізу үшін қала көшелеріне шығады.
«NЕЕТ санатындағы жастармен жұмыс бойынша үш күндік семинар тренинг жоғары деңгейде өтуде. Жастар қызметкерлері семинарда эмоциялық интелект, дұрыс сұрақ қою, жақсы кеңес беру дағдыларын үйрендік. NEET санатындағы жастармен жұмыс істеудің жаңа техникаларымен таныстық. Жастар қызметкерлері менторлық дұрыс бағыт-бағдар беруге, қолдау көрсетуді үйренді. Жастар қызметкерлеріне арнап стратегиялық жоспар жасақталды», – деді Алмаз Жақсылық.
Айта кетейік, іс-шараға елдің он бір өңірінен жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері қатысуда.