Қазақстандағы ауыл тұрғындарының саны қанша?

фото ғаламтордан алынды

Ұлттық статистика бюросының 2022 жылдың қаңтар-тамызындағы елдегі демографиялық ахуал туралы деректеріне сүйенсек, Қазақстан халқының саны 19 миллион 66,6 мың адам, оның ішінде қала халқы – 12 миллион 131,1 мың, ауыл халқы – 7 миллион 535,7 мың адам. 2021 жылдың 1 қыркүйегімен салыстырғанда халық саны 245 мыңнан артық адамға көбейді.

2022 жылғы қаңтар-тамызда халықтың табиғи өсімі 172,3 мың адам болды. Халық саны ең көп – Алматы қаласы (2 миллион 141,4 мың), облыстар арасында көш басында Түркістан облысы (2 миллион 107,6 мың), Алматы облысы (1 миллион 494,3 мың) және Жамбыл облысы (1 миллион 214,5 мың) тұр.

Еліміздің Алматы қаласынан кейінгі екі мегаполисі Астана мен Шымкент қаласында халық саны – 1 миллион 334,6 мың және 1 миллион 181,4 мың. Қала мен ауыл тұрғындарының саны бойынша бөлетін болсақ, қала халқы көп облыс – Қарағанды облысы (921 мың) болса, ең азы – Ұлытау облысы (174 мың). Ауыл халқы көп облыс – Түркістан облысы (1 миллион 592,1 мың), ең аз облыс – Ұлытау (46 мың).

Exit mobile version