Қазақстанда Toyota көліктері қайта құрастырылуы мүмкін

Қазіргі уақытта отандық өндірушілер жапондық компаниямен тиісті келіссөздерді жүргізіп жатыр.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.

«Қазақстанда Toyota танымал брендтердің бірі. Қазіргі уақытта біздің өндірушілер жапондық компаниямен тиісті келіссөздерді жүргізіп жатыр, себебі бизнес арасында осындай процестер жүретіні түсінікті. Мемлекеттік органдармен бизнес-корпорациялар бұл мәселелерді талқыламайды. Бұл тұрғыда қаражат салу, өкілеттік, көлікті өткізу нарығын қамту сияқты тақырыптар пысықталады.

Алайда, бұл бастаманы нақты жүзеге асыру мүмкіндігі туралы ештеңе айта алмаймын. Егер Toyota өндірісі бізде ашылып жатса, бұл еліміздегі ең табысты жобалардың бірі болар еді», – деді деді Қ. Өскенбаев.

Айта кетсек, 2014-2016 жылдары Қостанайдағы «Сары-Арқа АвтоПром» ЖШС өндірістік базасында Toyota Fortuner кроссоверлері құрастырылған.

Сондай-ақ, 23 қыркүйекте БАҚ-та Toyota компаниясы Ресейдегі автокөлік құрастыру зауыттарын жабатыны туралы хабарланды.

Бұл шешімге аталған елдегі жағдай әсер етіп отыр. Осының салдарынан компания Ресейдегі зауатқа бөлшектерді жеткізуде қиындықтарға тап болған.

Exit mobile version