Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті

Қараша айының ортасында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетіп отыр. Ұлттық статистика бюросы 14 қарашада Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жеткенін мәлімдеді.

Осыған орай Мемлекет басшысы отандастарымызды ақжолтай жаңалықпен құттықтады.
«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х парақшасында.

Белгілі болған дерек бойынша, 20 миллионыншы азаматтары 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да дүниеге келген 5 бала болып отыр. Олар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың үшеуі – ұл, екеуі – қыз бала екен.
1991 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы халық саны 16,4 млн. адамға жеткен еді. Содан бері елімізде халық саны 22,3%-ға арта түскен.

Exit mobile version