Қазақ қызы алғаш рет дзюдодан әлем чемпионатында жүлде алды

Қазақстандық Әбиба Абужақынова Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында қола медальға ие болды.

48 келіде бақ сынаған Әбиба Абужақынова екінші айналымда бразилиялық Аманда Лиманы, үшінші айналымда франциялық Ширин Буклиді, ширек финалда сербиялық Милица Николичті жеңді. Ал жартылай финалда жапон Натсуми Цунодадан (былтырғы әлем чемпионы) жеңілді. Әбужақынова қолаға таласта чилилік Мари Де Варгастан басым түсті.

Абужақынова – дзюдодан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақ қызы. Бұған дейін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан Моңғолиядан ауысқан Галбадрах Отгонцэцэг екі рет қола (2017, 2018) медаль иеленген еді.

Абиба Әбужақынова – Өзбекстанда дүниеге келген этникалық қазақ. Ол өз мансабындағы ең үлкен жетістігіне қол жеткізіп отыр. Абибаның еншісінде Азия чемпионатының екі күміс жүлдесі мен Гранд-слэм турнирінің қола медалі бар.

Exit mobile version