«Қара бура» қазақ күресінен өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды

12-14 желтоқсан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен 350 балуан қатысады.

Аталмыш дода 3 жас мөлшерін қамтыған алғашқы Әлем чемпионаты (ересектер, жастар және жасөспірімдер). Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер мен жастар, әрқайсысы 5 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтайды. Ал ересектер 12 салмақ дәрежесінде (ерлер 8, әйелдер 4) белдеседі.

Ұлттық құраманың өкілдері, «Дала Қыраны» титулының иегерлері әлемдік додада ел намысын қорғайды. Олар – Бекжан Төлепов (55 кг.), Марат Нигматуллаев (60 кг.), Нұр Аманшүкіров (66 кг.), Жұмажан Қожамбеков (74 кг.), Айдын Дартаев (82 кг.), Тоқтарбек Айдарбек (90 кг.), Мұхит Тұрсынов (100 кг.) және Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг.).

Нұрдәулеттің жеке бапкері Қайрат Бурбасовтың айтуынша спортшы қазіргі таңда Астана қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында қызу дайындықты бастап кеткен.

Еліміздегі қазақ күресінен үш федерацияның басын біріктіріп, ұлттық күресімізді ел ішінде және шетелдік аренада насихаттап жүрген Qazaq kuresi Ассоциациясы биыл Біріккен күрес әлімінің (UWW) құрамына кірген болатын. Алдағы уақытта барлық халықаралық жарыстар UWW-мен бірлесіп өткізіледі.

Exit mobile version