Қала тұрғындары 2,5 пайыздық шағын несие бойынша кеңес алды

Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы 14 шағынаудандағы «I love Aktau» инсталляциясы жанында кезекті кеңес алаңын өткізді. Кеңес алаңына “Отбасы банктен», “Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан», облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасынан мамандар келді. Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясының» өкілдері тұрғындарға тегін кеңес берді.

Тұрғындардың көбі денсаулық жағдайына қатысты жалпы кеңес алды. Бұдан бөлек жастар кәсіп ашуға немесе оны дамыту үшін берілетін мемлекет мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты. Атап айтқанда, жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын несие алу, ережелері мен шарттары жайлы ақпараттар алды.

«Кәсіп ашу немесе өз кәсібін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан 5 миллион теңгеге дейін шағын несие беріледі. Жас шектеуі жоқ, яғни 21 жастан зейнет жасына дейінгі тұрғындар қатысады. Сонымен қатар жұмыссыз немесе жұмыс істейтін азаматтар да шағын несие алуға үміткер бола алады. Ең бастысы инновациялық жоба болуы керек. Нақтырақ айтсақ, облыста жоқ дүниені жасауы қажет, сонымен қатар шағын несие өнім өндіруге, франчайзингке, зертханалық кабинет ашуға беріледі. Шағын несие алу үшін міндетті түрде «Бастау бизнес»-тен сертификат және жеке кәсіпкердің шотында жобаға қатысатын соманың 20%-ы болуы керек», – дейді Оспан Таразұлы.

Сондай-ақ ол тұрғындарды Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы нақты ақпарат алуға шақырды.

Жалпы кеңес алуға 30 шақты тұрғын келді. Алдағы уақытта шара өз жалғасын табады.

Exit mobile version