Қай банктің мобильді қосымшасы тұтынушы үшін тиімді?

фото ғаламтордан алынды

Қазір екінші деңгейлі банктер өз экожүйелерін барынша байытып, жедел әрі сапалы жұмыс істейтін сервиске айналдырудың жолын қарастыруда.

Тиісінше, бұл бағыттағы істері нәтижесіз де емес. Қазір азаматтар төлем жасау, билет алу, ақша жіберу сияқты операциялардың барлығын дерлік мобильді қосымша арқылы жүзеге асырады.

Елімізде өткен Mobile Banking Rank Қазақстан 2022 форумы аясында көпшіліктің көңілінен шыққан 10 танымал мобильді қосымша анықталды. Бағалау 800 критерий бойынша жүргізілген.

Зерттеу қорытындысы бойынша «Банк ЦентрКредиттің» банкинг жүйесі ең үздік мобилді қосымша деп танылған. БЦК – функционалдық блокта төлемдер мен аударымдар категориясы көш бастайды. Лимитті басқару, қауіпсіздік баптауы, контактісіз төлемге қосылу, SMS және PUSH-хабарламаларды басқару сияқты кең ауқымды мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ қайталанатын операцияларды біршама жеңіл етеді.

Jusan Bank және Halyk Bank – бұл екі банктің де электронды қызметі аса жоғары деңгейде. Бірақ БЦК-мен салыстырғанда бұл екеуінде төлемдерді кесте бойынша келтіру және құру мүмкіндігі жоқ. Бірақ бұл қаржы ұйымдарының әрбірінде өзіндік ерекшелік бар. Мысалы, Jusan Bank қосымшасында үзінді көшірмелер мен шот деректемелерін жүктеп алу өте ыңғайлы. Сонымен қатар профильді баптау, тақырып пен құттықтауларды таңдау сияқты мобильді банкті реттеудің кең мүмкіндіктері бар.

Halyk Bank қосымшасында бөлімше мен кеңсені іздеу жүйесі әлдеқайда оңайлатылған. Нақты қай локацияда қандай қызметтер қолжетімді екені туралы толық ақпарат бар.

Kaspi Bank-те логин аймағы дамыған. Қосымша провайдерлер тізімімен ыңғайлы өзара әрекеттесуді ұсынады, бірақ электронды әмиянға ақша аударылмайды.

Forte Bank мобильді банкингі арқылы телефон нөмірі бойынша аударым жасау мүмкіндігі жақсы дамыған. Сонымен бірге дебеттік және несие карталарына тапсырыс сөресі ыңғайлы орналастырылған.

«Соңғы жылдары Қазақстанның төлем нарығы керемет динамика көрсетіп жатыр. Қолма-қолсыз жасалатын төлем көлемі өсіп келеді, нарықта инновациялық технологиялар, жаңа сервистер мен өнімдер, жаңа ойыншылар алға шыға бастады. Бұл ретте біз нарық қатысушыларының, оның ішінде тұтынушылардың мүддесін ескере отырып дұрыс саясат ұстануымыз керек»,- дейді Ұлттық Банк төлем жүйелері саясаты басқармасының басшысы Арлен Молдабеков.

Exit mobile version