Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының «Жоғары лига» сайыстары бойынша жайдарман ойынының финалдық бәсекесі өтті.
Финалдық бәсекеде маусым бойы жоғары деңгейде өнер көрсеткен “Қылықты қыздар”, “Теңге құрамасы”, “Алмаз”, “Не хабар – Көркем әлем” командалары өнер көрсетті.
Аталған командалар өнеріне ардагер жайдарманшылар Сағынтаев Дәулет, Әлқуат Насухаұлы, танымал кәсіпкер Айса Данияр, “Каспий” футзал клубының капитаны Қарақұлов Ерлан және бірнеше YouTube бағдарламалардың продюсері, маркетолог Бектұрған Мәтжан қазылық етті.
Ақтық бәсекеде командалар “Сәлемдесу”, “Жамбы ату” және “Үй тапсырмасы” сайыстары бойынша сынға түсті.
Әзілге толы кеште қазылар алқасының шешіміне сәйкес “Жоғары лига” сайыстарының жеңімпазы жаңаөзендік “Не хабар – Көркем әлем” командасы атанды. Жүлделі 2 орынды Қызылсай ауылының “Қылықты қыздары” мен Қарақалпақстан Республикасының “Алмаз” командалары өзара бөліссе, “Теңге құрамасы” 3 орынды иеленді.
Жеңімпаз командалар арнайы кубок, медальдар және 750000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапатталды.