Мектеп оқушылары құтқарушылар қызметімен танысты

Бүгін «Кәсіби бағдар» жобасы аясында мектеп оқушылары Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметімен танысты. Шараны Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Құтқарушы Тимур Аминов алдымен төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істеудің жауапкершілігін айтып, қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызын түсіндірді. Содан кейін судан құтқару және өрт сөндіру техникаларымен таныстырды. Сонымен қатар мұнда құтқарушылар оқу-жаттығу жұмыстарын жасап, тұрақты түрде білімін толықтырып отыратынын тілге тиек етті.

NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Гүлназ Баймурзаеваның айтуынша, шараның мақсаты – еңбек нарығында тапшы мамандықтарға сұранысты арттыру және жастардың қызығушылығын қалыптастыру. Мектептің жоғарғы сынып оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар беру.

«Бүгінгі кездесу біз үшін қызықты болды. Құтқарушылар қызметінің қыр-сырымен таныстық. Құтқарушы болу үшін ерік-жігер, қызметке адалдық пен жеделдік маңызды екенін түсіндік. Адам өмірін сақтап қалу үшін басын қауіпке тігетін маман иелерінің еңбегі зор екен. Әр мамандықтың өзінше ерекшелігі бар. Осы ретте түрлі мамандық жайлы тың ақпаратпен танысуға, маман иелерімен сұхбаттасып, сауалымызға жауап алуға мүмкіндік берген жастар ортылығына алғысым шексіз», – деді мектеп оқушысы Әлия Сәрсенова.

Айта кетейік, аталған жоба алдағы уақытта жалғасады.

Exit mobile version