«Мақсатым – қазақтілді оқырманды жаңа деңгейге жетелеу»

Маңғыстау топырағында туып-өсіп, бүгінде әр қиырда жүрген таланттар жетерлік. Солардың бірі –жас ақын, бүгінде аударма саласында қалам тербеп жүрген, түркиялық болып үлгерген Мәдиасқар Қанжарұлы. Сайт оқырмандары үшін біз Мәдиасқармен аз-кем сұхбаттасып, екі мемлекет арасындағы мәдени алмасулар мен өзге де тақырыптар бойынша тілдестік.

– Мәдиасқар, маңғыстаулықтар өзіңді көз алдарында өскен жас ақын, бала ақын деп таниды. Жастайыңнан өлең-сөзді серік етіп, облыстың атын республика көлемінде таныттың. Бүгінде Түркияда тұрып жатсың. Осы аралықтағы Мәдиасқардың бойында қандай әлеуметтік формациялар орын алды? Ақшұқыр мен Чанаккаленің арасы қаншалықты «қашық» екен?

– Қала ауыстыру адамды белгілі бір деңгейде өзгертетіні рас. Туған жеріңнен алыстап басқа елге кету ең алдымен жылдам есейтеді. Өмір сүруді үйретеді. Оң-солымды танып, адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керек екенін үйрендім. Ал одан кейінгі нәрсе – еркіндік. Сені ешкім танымайтын ортада өзің қалағандай қайта қалыптастыра аласың.

Ал Ақшұқыр мен Чанаккаленің арасындағы қашықтыққа келер болсам, ең бірінші айта алатын нәрсем: қала мен ауыл арасындағы айырмашылық. Бір қаланың халық саны қаншалықты көп болса ол қалада соншалықты әртүрлі адамды кезіктіресің. Сол үшін де қадамыңды аңдап басуға тырысасың. Осылай ауылдан келген бала қала мәдениетіне сіңісе алады. Ал, жалпылама қарайтын болсақ Чанаккале мен Ақшұқырдың арасы айтырлықтай қашық емес. Бірақ, әңгіме Түркия мен Қазақстан арасындағы қашықтық жайлы болатын болса азды-көпті нәрсе айтуға болады

– Қала мәдениетіне сіңісу туралы айтып қалдың. Расында да, қала мәдениеті термині бар екеніне көзің жете алды ма? Бұлай дейтін себебім, көп жерде дәл осы термин қолданылып жүреді. Алайда, «ауыл мәдениеті» деген тіркесті естімейміз. Осы ойды тарқата отырып, мемлекет мәдениеттерінің өзгешелігі мен мәдени ауысулар туралы аз-кем сөйлессек.

– Мен алғаш Түркияға келген жылы Стамбул қаласында тұрдым. Қала мәдениеті деген ұғымның бар екенін сол кезде түсіндім. Жалпы кішкентай ғана ауылдан бірден үлкен қалаға келіп, аз уақыт ішінде қалаға бейімделу басында ауыр болады. Меніңше «ауыл мәдениеті» мен қала мәдениетінің арасын бөліп тұрған фактор – ауылдағы түрлі шектеулер. Шектеу қаншалықты аз болса, даму соншалық жылдамдамақ. Ал «ауыл мәдениеті» тіркесін көп ести бермейтініміздің себебі «ауыл мәдениетсіздігі» деген қатып қалған стереотип. Меніңше қаланың бір бұрышындағы мәдениетсіздік те «қала мәдениетінің» бір бөлшегі.

Мен қазір «түрік тілі және әдебиеті» мамандығында оқып жатырмын және біздің бөлім студент саны ең көп бөлім. Мұнымен айтқым келгені, бұл жақтағы жастардың әдебиетке құштарлығы өте жақсы. Кітап оқу мәдениеті де жоғары деңгейде дамыған. Айта кетерлік нәрсе, бұл жақта кітап бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 2-3 есе төмен.

Ал мемлекет мәдениеттерінің өзгешелігіне келетін болсақ, Түркия мен Қазақстан арасында айтатын нәрсе көп. Біріншіден Түркия көп ұлтты мемлекет болғаны үшін, таза «түрік мәдениетін» көру қиын. Қазіргі біздің «түрік мәдениеті» деп жүргеніміздің бір бөлшегін Осман империясы кезінде сырттан кірген «арап мәдениеті» аласа тағы бір бөлігін «Күрт мәдениеті» иемденген. Қазір қайсысы қай елдің мәдениеті екенін ажырату өте қиын. Ал Түркияның бір бөлігін «Күрдістан» қылып өзгертуге тырысатын күрттер мен оған ашынған түріктердің  арасындағы текетірес бөлек әңгіме. Осылайша өз мәдениетінен алыстаған мемлекет пен түрік елдерінің ішіндегі өз мәдениетін белгілі бір деңгейде сақтай алған қазақ елінің арасында айырмашылық жоқ емес.

– Иә, алып қалалар мен өркениетті мемлекеттерге тән қасиет қой бұл. Әр ұлт өз аумағында өз мәдениетін қалыптап, көрсетуге ұмтылады. Тиісінше, алып мемлекет сол алуан түрлі түстің стинтезінен ортақ мәдениет жасағандай көрсетеді. Түркиядағы алуан түрлі түстердің ішінде қазақ мәдениеті айқын көріне ме?

Түркияда қазақ мәдениеті өте аз көрінеді. Көзі ашық түріктер қазақ дегенде өздерінің өз мәдениетінен алыстағанын мойындай отыра қазақ елін «түріктің алтын бесігі», «атажұрт» деп еске алады. Бірақ заман ағысы Түркиядағы қазақ мәдениетін де өзімен ала кеткен сияқты.

– Түркияда оқып, жұмыс істеп жүрген қазақ жастары көп пе? Түркияда өмір сүрудің ерекшеліктері неде?

Түркияда оқып немесе жұмыс істеп жүрген қазақ өте көп. Түркияның кез-келген қаласынан бір қазақ болсын табылады. Көбісі әрі оқып, әрі жұмыс істеп жүргендер.

Соңғы жылдары Түркия экономикасы құлдырау кезеңінде болғаны үшін бұл жақта өмір сүру шетелдіктер үшін қолайлы. Түрік азаматтары «қазіргі жағдайымыз нашар, бізден гөрі шетелдіктерге мүмкіндік көп қарастырылған» деп үкіметке шағынады және бұл назын үкімет естімегіні үшін іштегі ашу-ызасын елдегі шетелдіктерге көп көрсетіп жатады. Мен үшін Түркияда өмір сүрудің айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Тек өзге мемлекетте «шет елдік» деген статусты арқалап жүрудің өзіндік қиындықтары бар.

– Сенің ол жақта тек оқып қана емес, шығармашылықпен де, оның ішінде аударма саласымен шұғылданып жүргеніңді білеміз. Туысқан тілден тікелей аударма жасау аса қиынға соқпайтын болар?

– Жалпы аударма саласы өте қиын сала. Бір шығарманы толықтай аударып шығу ол шығарманы қайта жазып шығумен пара-пар. Екі тілдің азды-көпті ұқсастығы бар екені сөзсіз. Алайда қазақ тілі түркі тілдес тілдердің ішіндегі қазіргі түрікшеден, яғни, Анадолы түрікшесінен ұқсастығы жағынан ең ұзақ тіл болып саналады. Жалпы ана тіліңе ұқсас тілден аударма жасау оңай әрі қиын. Аударма барысында күнделікті қолданып жүрген кейбір түрікше сөздің қазақшаға ұқсағаны үшін шатасулар жиі орын алады. Біздің елдегі кенже қалған аударма саласы Түркияда жоғары деңгейде дамыған. Қазірге дейін қазақшаға аударылған шығармалардың басым көпшілігі орыс тілінен тәржімаланған шығармалар. Неге ? Себебі орыс әдебиетінде аударма саласындағы еңбектер әлдеқайда көп. Дегенмен, менің байқағаным, түріктер аударма саласында орыстан айтарлықтай жоғары деңгейде. Кішкене ғана мысал: бір ай бұрын француз қаламгері Шарль Бодлердің «Жас әдебиетшілерге кеңес» атты кітапшасын қазақша аудардым және бұл кітапшаның да орыс тіліндегі аудармасын таппадым. Міне, түрік тілін тез үйренуіме ықпал еткен, алға жетелеген де осы аударма саласына деген ынтам еді. Қазақ тілінде танымдық мақала және әдеби зерттеулер де өте аз, сол  себепті алдымен осы бағыттағы аудармамен айналысудамын. Ал екінші себебі, көлемді шығарманы жоғары деңгейде аудару үлкен тәжірибе қажет етеді. Нашар аударма жасап әдебитеке қиянат жасағым келмейді. Біздің қоғам әлі атын да естімеген көптеген қаламгерлер бар. Тіпті оқырман кейбір қаламгерді білген күннің өзінде шығармаларының қазақ тіліне аударылғанын күтіп мезі болған. Менің аударма саласына қадам басуымдағы мақсатым – шетелдік шығармалардың  қазақша аудармасын таппай орысша нұсқасын оқуға мәжбүр болған бір қазақ оқырманының болсын көзін ашу. Алдағы мақсат та қазақ тілді оқырманды жаңа тұлғалармен таныстырып, жаңа деңгейге жетелеу.

Сұхбаттасқан:

Еділбек ДҮЙСЕН

Exit mobile version