Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен өңір жастары Ақтау қаласында өткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысты. Акция аясында «BS Arena» маңындағы жаңа көше бойына 100 түп көшет отырғызылып, болашақ жасыл аллеяның негізі қаланды.
Экологиялық іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық сала өкілдері, жастар, волонтерлер және экобелсенділер қатысты.
Негізгі жұмыстар Ақтау қаласының 39-шағынауданындағы «BS Arena» аумағында жүргізілді. Жаңа көше бойына 50 түп үйеңкі және 50 түп гибискус отырғызылды. Қатысушылар көшеттерді суарып, аумақты абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Жаңа жасыл аллеяның қалыптасуы қаланы көгалдандыруға үлес қосып, тұрғындар үшін жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар акция аясында Каспий теңізінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар жағалау аумағын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны абаттандыруға атсалысты.
Бүгін облыс аумағында өткен экологиялық іс-шараларға 10 мыңға жуық адам қатысты. Көгалдандыру жұмыстары барысында 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.
