Ақтауда «Caspian Sea Action Week 2026» халықаралық волонтерлік апталығын қорытындылауға арналған «MANGYSTAU VOLUNTEERS AWARDS – 2026» салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараның басты мақсаты — халықаралық апталық аясында өткен экологиялық, әлеуметтік және қоғамдық шараларға белсене атсалысқан еріктілер мен белсенді азаматтардың еңбегін көпшілік алдында мойындау, сондай-ақ жастар ресурстық орталықтары мен еріктілер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Gala Awards форматында ұйымдастырылған кешке өңір басшылығы, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен апталықтың ең белсенді волонтерлері қатысты. Шара барысында «Caspian Sea Action Week 2026» апталығының қорытынды бейнеролигі ұсынылып, Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қалампыр Уәзірова белсенді азаматтар мен волонтерлерге алғыс білдірді.
Марапаттау рәсімі төрт негізгі блок бойынша ұйымдастырылды. Кештің мерекелік бағдарламасын «Шеркала» бенд тобы мен жергілікті өнерпаздардың ән-би қойылымдары сүйемелдеді. Шара соңында барлық марапат иелері мен қатысушылар естелік суретке түсіп, өзара тәжірибе алмасты.