Маңғыстаулық зияткерлер әлемдік байқауда бақ сынауда

Маңғыстаулық оқушылар Рүстем Оразбай мен Күшжігер Жеткізген Climate Science атты олимпиадаға қатысып жатыр. Қазіргі көрсеткіш бойынша оқушылар TOP-100 команда қатарына енді.

Жалпы конкурсты Лондон қаласында орналасқан климаттық білім беру жөніндегі жетекші қайырымдылық ұйымы ұйымдастырып жатыр. Ұйымның мақсаты – климат бойынша білім сенімді, тегін әрі қолжетімді беру. Ал The Climate Science Olympiad ең күрделі климаттық мәселелердің шешімін табуға бағытталған және келешекте климатты тану саласында инноватор көшбасшысы болуға мүмкіндік беретін жастарға арналған әлемдік жарыс.

Оқушылардың айтуынша, экологиялық олипиадаға қатысуға жетекшісі Мирас Сарсенғалиұлы себепші болған. Ол аталған байқау туралы ақпаратпен бөлісіп, білім бәйгесінде бақ сынауды ұсынған.

«Ақпаратты оқып, жарыс шарттарымен таныстық. Олимпиада 4 кезеңнен, яғни, іріктеу, ширек финал, жартылай финал, финалдан тұрады. Іріктеу мен ширек финалда биоалуантүрлілік, экология, демографиялық мәселелерді шешу бойынша 10 және 15 сұрақтан тұратын тест тапсырдық. Бастапқы 2 кезеңнен жоғары ұпай жинап, жартылай финалға өттік. Жартылай финалда әрқайсысы 300 сөзден тұратын 3 мәселе бойынша эссе, мәселеге кіріспе үшін 100 сөз жаздық. Жартылай финалда жалпы 48 ұпайдан 42 ұпай жинап, ТОП-100 команда қатарына ендік», – дейді олимпиадаға қатысушылар.

Олимпиаданың іріктеу кезеңіне 1 миллион қатысушы қатысқан. Соның ішінен финалға тек үздік 100 команда жолдама алған.

«Енді алда финал бар. Финал тақырыптары әлі белгісіз, соған қарамастан ақтық кезеңге бар күш-жігерімізді салып, жобамызды сәтті қорғап шығамыз», – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Рүстем Оразбай.

Exit mobile version