Маңғыстаулық жастар ұлттық киімді дәріптеді

Бүгін Маңғыстау жастары өңірдегі Энергетикалық колледжде басқосып, ұлттық киімнің ерекшелігімен танысты.

Маңғыстаулық әже Зияхан Кенжебекова жастарға ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген бешпент, кәжекей, қосетекті көйлектің маңызын түсіндірді. Қыз-келіншектердің жасына қарай киім үлгісі де өзгеретінін тілге тиек етті.

Жалпы қазақтың ұлттық киімі бай және әдемі көрінеді. Қазіргі таңда жергілікті дизайнерлер заманауи үлгіде ұлттық киімді нарыққа шығарып, көптің сұранысына ие болып жатыр. Соған сәйкес той-жиыннан бөлек күнделікті өмірде де кәжекей мен көйлегін киіп, тіпті классикалық стильде де оюлы жүрген жандарды жиі байқауға болады. Бұл ұлттық киімнің ескірмейтінін, керісінше түрленіп, жаңа сипатқа еніп, насихатталып жатқанын аңғартады.

Осы орайда маңғыстаулық ақ жаулықты әже жастарға ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты, қазақтың көркемдігі мен талғампаздығын көрсететін ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғау қажеттігін айтты. Ақ батасын беріп, жаңару мен жаңғырудың бастауы болған Наурыз мейрамымен құттықтады.

Exit mobile version