Маңғыстауда жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегі азаймай тұр. Соңғы 3 жылда 10-нан астам бала суицидке оқталған. Бұл туралы полиция қызметкерлерінің қатысуымен өткен «Жасөспірімдермен тиімді қарым-қатынас» тренингінде айтылды.
Статистикалық дерекке сүйенсек, әлемде әрбір бесінші адам жасөспірім қатарына жатады. 11-12 жастан бастап, 15-16 жасқа дейінгі балалар осы санатқа кіреді. Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелер де жасөспірімдерге қатысты. Атап айтсақ, Маңғыстауда жасөсіпімдер арасында суицидтен бөлек, құқықбұзушылық, оның ішінде ұрлық, төбелес, түнгі мезгілде жүру көрсеткіші көңіл көншітпей тұр.
“Сенімен Болашақ” РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткен тренингте осы мәселелер талқыланды. Өңірдегі 2 қала, 5 ауданның 200-ден астам құқық қорғау қызметкері аймақтарында жиі болатын проблемаларды атап өтті.
Мәселен, Мұнайлы ауданы Ювеналды полиция қызметкерлерінің айтуынша, бір ғана “Түнгі қаладағы балалар” шарасы кезінде қаңғыбастыққа салынған 40-қа жуық жасөспірім Маңғыстау облыстық бейімдеу орталығына орналастырылған. Түнгі 23.00-6.00 аралығында үйінен тыс жүрген жастардың ата-анасы жауапкершілікке тартылып, 61-і қолайсыз отбасы есебіне алынған. Әсіресе, есепте тұрған балалармен жұмыс жүргізу қиындық келтіреді.
Сонымен қатар ауданда суицидке оқталған жасөспірімдер саны азаймай тұр. Мұнайлы ауданында өткен тренингте психолог Асем Телегенова алдымен, суицидке итермелейтін себептерді атап өтті. Нақтыласақ, жүйке жүйесінің сыр беруі мен әлеуметтік, қаржылық, отбасылық қиындықтардың шешімін таба алмау сияқты жағдайлар бар. Ал балалар арасындағы суицид ата-ана арасындағы кикілжің, балалардың өзара кикілжіңі, мұғалімдер тарапынан айтылған ескертпелерден кейін болады. Қызметкерлер психологтан суицид жасауға бейім балалардың мінез-құлқы, оларға көмектесудің жолдары туралы ақпарат алды.
Ал Қарақия, Маңғыстау ауданында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық белең алса, бейнеулік жасөспірімдерде ерте жүктілік пен зорлық-зомбылық оқиғалары көбейген.
Әр ауданда өткен тренингте осы көрсеткіштер бойынша жасөспірімдермен қарым-қатынас жасау жолдары айтылды.
Бұдан бөлек “Сенімен Болашақ” РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткен тренингте жасөспірім жастағы кризис ұғымы, түнгі мезгілде ауыл арасында жиі жүретін балаларды бақылау, олардың ата-анасына қадағалау бойынша кеңес беру, әр жастағы балаларда кездесетін мәселелерді оңтайлы шешу жолдары бойынша дәріс оқылды.
-Шараны «Сенімен Болашақ» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырып, облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Жалпы, өңір бойынша 200-ден астам құқық қорғау қызметкерін қамту жоспарда тұр. Тренингте мамандар қызметіне қажетті сұрақтарды да қойды. Оның ішінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалармен қарым-қатынас орнату тәсілдері, суицидке бейім балалардың ата-анасына психологиялық көмек көрсету және лудомания, ойынқұмарлық мәселелері, деструктивті діни ағымдар туралы сауалдарға жауап берілді. Сонымен қатар бірлестіктің миссиясы мен мақсаты, елдегі басқа өңірлерінде орындалып жатқан жобалар таныстырылды, – деді психолог Асем Телегенова.