Маңғыстаулық жас ұсынған «Робот-терапевт» көпті таңқалдырды

Маңғыстаулық оқушы Данил Мухалев және оның ғылыми жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Мәди Медет Samsung компаниясының «Solve for tomorrow» байқауына қатысты. Байқауға сәтті стартап «Робот-терапевт SenimPlus» жобасын ұсынды. Соның нәтижесінде үздік деген он жобаның қатарына еніп, 4-орынға ие болды. Сонымен қатар өнертабыс үшін үш жүз мың теңгеге сертификат жеңіп алды.

Жоба жетекшісінің айтуынша, «Робот-терапевт SenimPlus» жобасы кез келген ауруға диагноз қоя алады.

– Болашақта роботтар алмастыратын мамандықтар жылдан жылға көбейіп келеді. Медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтардың көмегіне жүгінеді. Қазіргі таңда дүние жүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Біздің мемлекет те дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогресстің осы бір маңызды бағытынан құр қалмауда. Осы саланы дамытуда балалармен қоса тынбай еңбек етіп жатырмыз. Бізге әлі де даму керек, өйткені робототехника үнемі ізденісті талап етеді. Болашақта елімізде робототехника саласы дамыған мемлекетке айналады деген үміттемін,- дейді информатика пәнінің мұғалімі Мәди Медет

«Solve for tomorrow» бағдарламасы 2010 жылы АҚШ-та құрылды және әлемнің 23 елінде таратылды. Бұл ғылым мен техника арқылы басқаға көмектескісі келетін, белсенді өмір салтын ұстанатын мектеп оқушыларына арналған идеялар сайысы.

Айта кетейік, аталған байқауға елден 800-ден астам оқушы қатысқан. Олар Samsung компаниясы өткізген стартап байқауында IT саласындағы креативті және заманауи ерекше жобаларын ұсынды. Қазылар алқасы ең қызықты, болашағы бар деген 40 жобаны іріктеп, жеті ай бойы қатысушылар өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды әзірледі. Финалға 10 командадан 30 қатысушы қатысты.

Exit mobile version