Маңғыстаулық жас Карина Изенова «Mob Fest» жобасында үздіктер қатарынан көрінді. Енді ол тағылымдамадан өту үшін New York film academy барады.
Байқаудың алғашқы кезеңі онлайн өткен. Оған 7 524 мобилограф қатысып, байқау талабына сай, берілген тақырыптар бойынша 1 537 видео тіркелді. Үздік атанған 100 қатысушы екінші кезеңге жолдама алған.
Екінші кезеңде қатысушылардың жұмысын медиа және кино саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалап, республикалық фестивалдің 20 жеңімпазын анықтады. Соның бірі – 25 жастағы маңғыстаулық Карина Изенова.
Жалпы маңғыстаулық жастың мобилография саласына келгеніне 4 жылдай уақыт болған. Айтуынша, бұл салаға тек хобби ретінде қараған. Кейін өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, тіпті оқушыларды оқытуда.
«Алдағы жоспарым Қазақстанның ТОП-20 талантты мобилографымен Нью-Йорктағы оқуымызды оқып келу. Сонымен қатар мобилография – қазіргі таңда трендтегі мамандық болғандықтан, алған білімімді елімде, қаламда қолданып қызмет ету және жастарды баулу», – дейді ол.
Айта кетейік, «Mob Fest» жобасы дарынды жастарды қолдауға, креативті медиа индустрия өкілдерінің шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған мүмкіндіктер алаңы. Фестивальді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА