Маңғыстаулық тұрғындар Нұрлан Байжігітұлымен кездесті

Ақтауда Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрда елге белгілі дінтанушы, имам Нұрлан қажы Байжігітұлы облыс тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Кездесу Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен, өңірлік дін істері басқармасы қолдауының және «JasArt» жекеменшік мекемесінің гранты аясында ұйымдастырылды.

– Қазіргі таңда дүйім жұрттың діни сауатын арттыру мәселесі өте өзекті және қоғамда дәстүрлі наным-сенім құндылықтары, ислам мен дәстүр сабақтастығы туралы сауалдар көп екенін байқадық. Сол себепті елге белгілі тұлғалар мен діни ағартушыларды арнайы шақырып, кездесу ұйымдастыруды жөн санадық, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мұқаш Оралбай.

Нұрлан Байжігітұлы 1991 жылдан бері дін саласында қызмет етеді. Ол «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті» университетінде, Татарстанда және психология саласын Мәскеуде меңгеріп, Қырғызстан мен Өзбекстанда да діни білім алған. Бүгінде Астана қаласындағы Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы болып қызмет етеді. Кездесуде қазақ халқының рухани кемелденуі жөнінде әңгіме өрбітіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Қазақстанның ірі қалаларында тұрғындармен рухани кеш өткізіп жүргенін атап өтті.

– Бүгін біз дін мен дәстүр үйлесімін, үндестігін сақтау турасында ой қозғадық. Сонымен қатар жастардың жат ағымға бет бұруының алдын алу, ата дәстүрді ұлықтау жөнінде әңгімеледік. Еліміздегі күрделі мәселелердің бірі отбасылық құндылықтар жайлы да сөз еттік, – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Кездесуге 700-ден астам тұрғын жиналды. Қала тұрғыны Айсәуле Бекішқызы имамды алғаш рет тик-ток желісінен көрген. Ол жиынға өз сұрақтарына жауап алу үшін келгендігін айтты.

– Нұрлан имам әлеуметтік желіде өзінің көркем мінезімен, әдемі сөзімен, имандылығымен, адамдарды адалдыққа шақыруымен көпшілікті баурай алды. Діни әңгімелердің жаңа форматы жастардың да көңілін лезде аулады. Кездесу керемет әсерлі өтті. Өзімнің алаңдап жүрген ішкі сұрақтарымның барлығына дерлік жауап алдым, – деді тұрғын.

Айта кетейік, 1 маусым күні имам Ақтау қаласының халқымен қатар Мұнайлы ауданының тұрғындарымен кездесті. Ал 2 маусым күні Жаңаөзен қаласының жұртшылығымен «Мұнайшы» мәдениет үйінде сағат 16:00 – де жүздеседі.

Exit mobile version