Маңғыстаулық түлектер үшін грантқа қалай қол жеткізуге болады?

Маңғыстау облысы бойынша биыл мектеп бітірген түлектерге еліміздің әр өңіріндегі 43 университетте нысаналы 2000 білім гранты бөлініп отыр.

Осы орайда Ақтаудағы Yessenov University талапкерлерден құжат қабылдау жалғасып жатыр. Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері аталған комиссия жұмысымен танысып, ішкі жағдайды көріп қайтты. Қазір мұнда орта есеппен күн сайын 300-400 шамасында талапкер келуде.

Айта кететін жайт, таңдаған мамандыққа грант саны шектеулі болса немее ҰБТ-тан төмен балл алған түлектерге бұл таптырмас мүмкіндік болып отыр.

Аталған гранттар ішінде педагогикалық ғылымдар саласына – 274, өнер және гуманитарлық ғылымдар саласына – 90, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат саласына – 122, бизнес, басқару және құқық саласына – 190, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика саласына – 70, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына – 565, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 589, ауыл шаруашылығы және биоресурстар саласына – 30, қызмет көрсету саласына – 70 білім гранты бөлінді.

Осы ретте Маңғыстау облысында 2024 жылы мектеп бітірген оқушылар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Л. Гумилев ат. Евразия ұлттық университеті, Е. Бөкетов ат. Қарағанды университеті, Астана халықаралық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті секілді еліміздегі көптеген іргелі оқу орындарында білім ала алады.

«Батыс Қазақстан облыстық университетінде Маңғыстау түлектері үшін 44 нысаналы грант бөлінді. Біздің жоғары оқу орнына түскен жағдайда шетелде тәжірибе алмасу мақсатында 1 семестр оқу жайы қаралған. Біз өңір жастарын күтеміз», – деді Жәңгір хан атындағы БҚО мемлекеттік университетінің өкілі.

Ал аталған оқу орындарына құжат қабылдау шілде айының 13-20 күндері аралығында Ақтау қаласындағы Yessenov University нысанында жүреді.

Ол үшін оқуға түсуге ниетте талапкер жеке куәлігі мен аттестатын өзімен бірге әкелуі тиіс. Сондай-ақ, бір жеңілдікті растайтын құжаттары болуы міндетті.

Ақтаудағы құжат қабылдау комиссиясының байланыс нөмірі: + 7 (702) 075 00 10.

Exit mobile version