Маңғыстаулық спортшы самбодан өткен ел біріншілінде жүлделі орынға ие болды

Маңғыстаулық спортшы Нұрбек Қуанышұлы Семей қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер арасында өткен Қазақстан кубогында жүлделі орынға ие болды. Спорттық дода Қабанбай батырдың 330 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылған.

Нұрбек Қуанышұлы жарыста спорттық самбодан 71 келі салмақта белдесті. Алғашқы қарсыласы астаналық спортшы болды. Екінші кездесуде Абай облысының спортшысымен, кейінгі белдесулерде Қарағанды және Абай облысының мықтыларымен белдесіп, жартылай финалда жеңіліс тапты.

-Бесінші қарсыласым Жетісу облысының спортшысымен шығып, Қазақстан кубогының қола жүлдегері атандым. Жалпы спортпен 10 жастан бастап шұғылданамын. «Жас Батыр» спорт мектебі ашылғалы қатысып жүрмін. Алғашқы бапкерім Манарбек Бисекенов болған, дейді спортшы.

Шетпе ауылының тумасы Нұрбек Қуанышұлының қазіргі жеке бапкері Берік Жұмағалиев. Аталған дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен 400-дің үстінде самбошы қатысты.

-Қазақстандық жауынгерлік өнер ассоциациясының қолдауымен Қазақстан самбо федерациясы тарапынан Республикамыздың облыстары мен қалаларға жас самбошыларға жаңа күрес кілемі табыс етілді. Жалпы, мұндай күрес кілемдері бұған дейін 10 облысқа берілген болатын. Атап айтсақ олардың қатарында Маңғыстау облысы, Шымкент қаласы, Қарағанды, Павлодар, СҚО, Абай, Қостанай, Жамбыл және Жетісу облысы бар. Самбошылардың атынан қазақстандық жауынгерлік өнер ассоциациясына, «Самұрық Қазына», Спорт қорына, «Казминералс» компаниясына және республикалық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясына алғыс айтамыз, деді Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерацияның бас хатшысы Ерназар Бексултанов.

Айта кетейік, жарыс 16-18 желтоқсан аралығында өтті.

Exit mobile version