Маңғыстаулық спортшы бразилиялық джиу-джитсудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

13-14 қараша күні Абу-Дабиде өткен «Аbu-Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship» әлем чемпионатында маңғыстаулық спортшы Еркебұлан Исламғали күміс жүлде иегері атанды.

Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен 2007-2008 жылдар арасындағы 42 келі салмақта шыққан Еркебұлан Исламғали жасыл белбеулер ішінен 2-орын алды.

Еркебұланның жаттықтырушысы Есболат Медеуовтің айтуынша, спортшының алғашқы қарсыласы сириялық спортшы салмақ түсіре алмауына байланысты жерлесіміз бірден жеңімпаз атанған. Жартылай финалда Белгия елінің спортшысын 13:5 ұпаймен жеңіп, финалда бразилиялық спортшыға 0:2 ұпай санымен есе жіберді. Жаттықтырушылары Қонысбай Раков және Есболат Медеуов.

Бұл халықаралық старт AJP Tour халықаралық турнирлерінің финалдық туры болып саналады және бразилиялық джиу-джитсудан беделді жарыстардың бірі болып табылады.

Exit mobile version