Қарақия ауданындағы белсенді жас «Қазақстанның үздік ауыл жасы» атанды. Алмаз Дощаев Алматы қаласында «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік ауыл жасы» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, арнайы төсбелгімен марапатталып отыр.
Қазіргі уақытта ол педагогикалық қызметпен қоса аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысатын, ауданның әлеуметтік — экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүрген жайы бар.
«Байқау екі кезеңнен тұрды. Осы уақытқа дейін еткен еңбегіміз және оқушыларымның жеткен жетістіктері еленіп жоғары дәрежеге қол жеткізіп, алатаудың бөктерінде марапатқа ие болдым. маған қолдау білдірген өзімнің алтын ұя мектебім, қазіргі таңда мұғалімдік қызметімді атқарып жүрген № 1 жалпы білім беретін орта мектебінің басшылығына және ұжымына алғысымды білдіремін»,- деді Алмаз Дощаев.
Байқауға республикамыздың әр өңірінен үздік жастар қатысқан болатын. Аталған жобаның мақсаты — жастарды қолдау, оның ішінде ауыл жастарына басымдық беріп, олардың жасаған еңбектерін республикаға үлгі ету, одан әрі дамуына серпін беруге бағытталған.
