Маңғыстауда жастар апталығы өз мәресіне жетті

Маңғыстау облысында «JASTAR WEEK» жастар апталығы аясында 18 ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Жалпы өңір бойынша 63 іс-шара өтті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай хабарлады.

Спикердің айтуынша, ұйымдастырылған іс-шаралар 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың барлық категорияларын қамтыды. Атап айтқанда тіркеуде тұрған, декреттегі аналар, NEET санатындағы жұмыссыз жастарға арналған және есірткіге, лудоманияға қарсы жобалар жүзеге асырылды. Мәдениет, білім, спорт саласында да ауқымды жобалар іске асуда.

3 тамыз күні «Таза Қазақстан» жобасы аясында Taza Like  экологиялық науқаны мен тимбилдинг ұйымдастырылды. Науқан аясында 450 жас қатысып, 300 тоннаға жуық қоқыс жиналды. 4 тамыз күні – «Жас келсе, іске» күні өңір мектептерінің түлектері үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ақпараттық кеңес беру шарасы өтті. 5 тамыз күні шағын футболдан базар жастары арасындағы «Теңбіл доп»турнирі өтті. Жаңаөзенде 5 тамыздан 7 тамызға дейін жастарды заманауи мамандықтар бойынша «Zhas Designer» оқыту бағдарламасы өтті. 6 тамыз күні теңіз жағалауында «Jastar Week» апталығы аясында тоғызқұмалақтан облыстық ашық чемпионат ұйымдастырылды.

Сонымен қатар «Кедергісіз Маңғыстау» әлеуметтік жобасының аясында ерекше қабілеті бар жастар мен жасөспірімдерге арналған қысқа мерзімді курстар басталды. Ал 7 тамыз күні Ақтауда 6-шағынауданда облыстық жастар ресурстық орталығы ғимараты жанынан маңғыстаулық волонтерлерге арналған «QOLDAU» фронт-офисі ашылды. 8 тамыз күні волонтерлік ұйымдар мен бастамашыл топтарға арналған шағын гранттар конкурсына өтінім қабылдау басталды. 9 тамыз күні Жаңаөзен қаласы әкімі белсенді жастармен кездесіп, марапаттады. Ал Ақтауда «Career Day» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласындағы өндіруші жас кәсіпкерлердің «Жас кәсіпкерлер жәрмеңкесі/көрмесі» өтті. Ал Бейнеу ауданында Республикалық «Жайдарман» ойындарының сайысы ұйымдастырылды. 10 тамыз күні – Жетібай ауылында ескі ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, жастар орталығының бөлімшесі ашылды. Сонымен қатар Абай күніне орай «I love Aktau» алаңында поэзия кеші өтті. 11 тамыз күні Ақтау қаласында «Қорған – 2024» акциясы аясында қоғамдық рейд жүргізілді. 12 тамыз күні «№7-спикер» интеллектуал конференциясы өтті. 10 тамыз күні Мұнайлыда, 11 тамыз күні Жаңаөзен қаласында, Ал 12 тамыз күні Ақтау қаласында, Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарында қорытынды «Жастармен бірге» Open Air кеші өтті.

– Маңғыстау – мүмкіндіктер мекені. Расында да біз өңір жастарының әлеуетін көтеруге бар жағдайды жасағымыз келеді. Алдағы уақытта да бірқатар жобалар мен іс-шаралар жалғасын табады деген ойдамын. Осы орайда Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығына, қала-аудандағы жастар орталықтары мен ұйымдастырушы қоғамдық ұйымдарға алғысымды білдіремін. Сіздермен бірге жастар апталығы өте жоғары деңгейде өткеніне сенімдімін. Менің ойымша кез-келген жас озық білімімен ортасынан оза шауып, арман тілегін жүзеге асыра алады. Сондықтан Мағжан сенген жастар біздерміз, болашақ сіз бен біздің қолымызда, – деді Мұқаш Оралбай.

Exit mobile version