Маңғыстауда талантты жастарға жол жүру гранты беріледі

Маңғыстауда 100 талантты әрі дарынды жасқа жол жүру гранты беріледі. Аталған грант аясында жастар шығармашылық, зияткерлік және спорттық жарыстарға тегін бара алады.

Жобаны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесе «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі іске асырып жатыр. Негізгі мақсат – Қазақстан қалаларында немесе тұрғылықты аймақта өтетін шығармашылық байқауларға, зияткерлік және спорттық жарыстарға қатысуға жеткілікті қаражаты жоқ дарынды жастарды анықтау және олардың байқауға қатысуына мүмкіндік беру. Сол арқылы жас дарын, талант иелерінің есімін елге насихаттау.

«Қазіргі таңда байқауға қатысуды мақсат еткен талантты, дарынды жастарды анықтау үшін өтінім қабылданып жатыр. Өтінім қараша айының 20 жұлдызына дейін қабылданады. Содан кейін арнайы комиссия отырысы өткізіліп, жеңімпаздар анықталады. Жоба аясында конкурстық комиссиядан өткен жастардың жарысқа бару-қайту теміржол билетіне грант беріледі. Осылайша, біз 25 жасты шығармашылық конкурсқа, 25 жасты зияткерлік конкурсқа және тағы 25 жасты мәдени-қоғамдық іс-шараға, 25 жасты спорттық іс-шараға жібереміз. Жол жүру грантын алуға өңірдегі 14-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады», – дейді «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлназ Баймұрзаева.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар жеке тұлғадан бөлек топтық команда немесе ұйым болған жағдайда, сол ұйымнан немесе командадан 5 тен кем емес адам ғана өтініш бере алатынын айтады. Бір адам екі рет өтініш бере алмайды. Бір ұйым екі рет қатыса алмайды және әр жолаушының жататын тұрақты жеріне, азық-түлігіне, киім-кешегіне, сый-сияпатқа қаржы қарастырылмайтынын ескертеді. Өтінімді zheti.zhurt@gmail.com поштасына жіберуі керек.

Ережесі мен өтінім үлгісі осы сілтемеде: https://docs.google.com/document/d/1upD4GccRWxJtDhuOxkQmq9Re78mzvksdnBpjecUgJmY/edit?usp=sharing

Exit mobile version