Маңғыстауда студенттер арасындағы спорттық ойындар бастау алды

Бүгін «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде студенттер арасындағы спорттық ойындардың ашылу салтанаты өтті.

Шараға Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков және «Ақтау студенттер Альянсы» ҚБ атқарушы директоры Гүлмира Бурхандинова қатысты. Олар спорттық додада бақ сынайтын студенттерге сәттілік тіледі.

Сонымен қатар шара барысында кеше кіші футболдан сынға түсіп, жеңіске жеткен командалар мараратталды. Марапат пен арнайы кубокты облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Батырхан Қуанышбеков табыстады. Ойын нәтижесі бойынша Маңғыстау туризм колледжі 1-орын, Х. Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі жүлделі 2-орынды иеленді. Ал 3-орынға Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Ақтау қалалық жоғары педагогикалық колледжінің командасы тұрақтады.

Бұған қоса мұнда қыздар арасында волейболдан жарыс өтіп жатыр. Жарыста жеңіске жеткен командалар ертең өтетін үстел теннисі турниріне жолдама алады.

Айта кетейік, аталған жарыс «Үздік спорттық жоғары оқу орнын» анықтау мақсатында өткізіліп жатыр. Шараны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау студенттер Альянсы» ұйымдастырды.

Exit mobile version