Маңғыстауда сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға емдік препарат салынды

Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының «Анестезология реанимация интенсивті терапия» бөлімшесінде алғаш рет СМA ауруына шалдыққан бүлдіршінге құны 38 млн тұратын «Спинраза» атты препарат салынды.

Балалар ауруханасы директоры Гүлжан Ермекбаеваның айтуынша, емдік препаратты алу үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылған.

-СМА – дегеніміз жұлын бұлшықеттерінің атрофиясы деп аталады. Бұл – жұлын бұлшықетінің қимыл-қозғалысқа жауап беретін бөлігінің әлсіздігінен туындайтын сирек кездесетін туа бітті ауру түрі, дейді Гүлжан Ермекбаева.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті «Неврология және психатрия» кафедрасының бөлім меңгерушісі, доцент Д.Н. Аяғанов, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі Мария Алдабергенова және аталған аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Мереке Нұрдәулетұлы жалпы анестезия бойынша интратекальді түрде бүлдіршіннің жұлын-ми сұйықтығына «Спинраза» атты гендік препаратты енгізді.

Дәрігерлер медициналық көрсеткіш бойынша науқастың қимыл-қозғалыс деңгейі жақсы деп бағалады. Ем-шара асқынусыз өткен.

Жалпы аталған препаратты науқасқа 4 рет салу қажет етіледі. Алдағы уақытта 3-қаңтар, 20-қаңтар және ақпан аяғының соңында салынады. Препаратты салмастан бұрын дәрігерлер науқастың жағдайын қадағалап, толық тексеруден өткізеді.

Сондай-ақ, «Спинраза» ампуласынан бөлек, СМА ауруына шалдыққан балаларға таблетка түріндегі «Рисдиплам» атты дәрі де тағайындалып отыр.

Бүгінде Маңғыстау облысында жұлын бұлшықет атрофиясы генетикалық ауруға шалдыққан 4 бала бар. Олар әрдайым ата-ананың және дәрігерлердің бақылауында.

Exit mobile version