Маңғыстауда «Республика күніне» орай 50-ге жуық шара өтеді

Маңғыстауда «Республика күні» кең көлемде атап өтіледі. Атап айтқанда, көрме, жәрмеңке, мерекелік концерт, спорттық шара, байқау, қайырымдылық-экологиялық акциялар мен патриоттық іс-шараларды өткізу жоспарланған. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұртас Сали хабарлады.

Н.Сали ірі шараларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, облыс бойынша «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылуда. Акция аясында әлеуметтік желі қолданушылары ерекше бейнеқұттықтауларды және патриоттық шығармаларды жатқа оқып, инстаграм желісінде 25 қазанға дейін #Маңғыстау #Республикакүні хештегімен жолдай алады.

Сонымен бірге, волонтерлік және ерікті ұйымдар арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін «Жанашыр жүрек» халықтық акциясы ұйымдастырылуда. Қайырымдылық идеясын жергілікті бизнес-қоғамдастықтар, демеушілер, меценаттар азық-түлік сатып алып оны үлестіріп және тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асырмақ.
Осы орайда, 15 қазан күні өскелең ұрпақты қоршаған ортаға ұқыпты қарау, экологиялық тәрбиеге шақыру бағытында «Таза табиғат» атауымен жаппай экологиялық науқан өткізілді. Онда мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілерді қосқанда 1550 адам атсалысып, қалада тазарту жұмыстарын жүргізді.

-Сонымен қатар, қала, аудандарда әр салада еңбек сіңірген қызметкерлерді, еңбек ардагерлерін марапаттай отырып салтанатты жиындар өтетін болады. Республика күніне орай тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында 51 мерекелік баннер, билборд және басқа да сыртқы көрнекілік құралдар орналастырылды, – деді Нұртас Сали.

Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева мәдени-спорттық шараларға тоқталды.

20 қазан күні сағат 15:00 де «Достық» үйінде «Жырлансын ел бірлігі» республикалық жыршылар фестивалі ұйымдастырылады. Фестивальге еліміздің 5 жыр мектебінен яғни Маңғыстау, Сыр бойы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Арқа жыраулық мектебінен барлығы 15 жыршы қатысады.

25 қазан теңіз жағалауында Әмин Тұяқовтың 85 жылдығына арналған марафон ұйымдастырылып, марафон соңы Маңғыстау өнер жұлдыздарының концертіне ұласады.

-Мереке қарсаңында Ә. Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарих залының ашылуы, Отпан тарихи-мәдени кешенінде «Егемен елдің ертеңі – ерен ердей еңселі!» республика күні мен кешеннің ашылған күніне орай мерекелік шара, фотокөрме, Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында Т. Досымов «Биіктік» спектаклі, Облыстық филармонияда «Елім менің» атты мерекелік концерті сияқты шаралар өтпек,-деді Гүлзайда Төлеуғалиева.

Exit mobile version