Маңғыстауда өнерді серік еткен Жолдасбаевтар әулеті тұрады

Маңғыстаулық Жолдасбаевтар әулеті өмірін өнермен байланыстырып, әке жолын жалғап келе жатыр. Олар өнерден шабыт алады, есті әндерді ерекшелендіріп, көпке ұсынады. Гүлнар Жолдасбаеваның айтуынша, өнер арқылы отбасының іргесі берік, ыстық естелік пен сыйластық үзілмейді.

«Өнерге әкеміз Жауынбек Қаниұлы баулыды. Туғаннан үй ішінде әуелеген ән мен сазды естіп, шығармашылыққа қызығушылығымыз артты. Содан болар, мен де, бауырларым өнер жолын таңдап, білім алдық. Қазіргі таңда мен «Өнер» колледжінде домбыра аспабынан сабақ беремін. Бауыржан Мұнайлы мәдениет үйінде, Мұратбек №9 жалпы білім беретін орта мектепте музыкант, Дегдар Түпқараған ауданының мәдениет саласында ұстаз болып жұмыс істейді. Ғалымжан да сахна төрінен көрініп, Астанада өнер жолын жалғап, тұрып жатыр», – деді Гүлнар Жолдасбаева.

Жолдасбаевтар отбасы көбінесе лирикалық әндерге жақын екенін жасырмады. Сондықтан да олар қазақтың лирикалық, сөзінде мән мен мағына бар әндерді репертуарына қосқан. Айтуынша, 29 мамыр күні әкесі Жауынбек Қаниұлына арнап, шығармашылық кеш береді.

Сондай-ақ өнерлі отбасы барша қазақстандықты бүгінгі халықаралық Отбасы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Баршаңызды бүгінгі отбасылық мерекемен құттықтаймын. Отбасыңызға амандық тілеймін. Армандарыңыз, алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын. Балалардың болашағы жарқын болсын!» – деді Жолдасбаевтар әулеті.

Exit mobile version