Маңғыстауда меценаттар “Жомарт жүрек” сыйлығымен марапатталды

Бүгін Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен дәстүрлі «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

«Жомарт жүрек» жобасы Маңғыстауда жыл сайын өткізіліп келеді. Аймақтағы атымтай жомарттардың өнегелі істерін қоғамға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған бүгінгі салтанатты шарада алдымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алып, игі бастамаларға қолдау білдіріп жүрген азаматтарға жылы лебізін жеткізді.

-«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсіміне қош келдіңіздер. «Жомарт жүрек» қайырымдылық сыйлығын табыстаудағы мақсат – қайырымдылық қызметінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген меценаттарды табу және ынталандыру, оларға өзгелердің назарын аудару арқылы қоғамда жақсылықты, мейірімділікті насихаттау. Өлкеде осы жобаны іске асыру мен ілгерілету процесіне өңірдің белсенді азаматтары ерекше белсенділікпен, жігерлілікпен қатысып, азаматтық тұлғасын қалыптастырған жандар белсенді атсалысуда. Облыс меценаттарының қаржылай қолдауымен шалғай ауылдар абаттандырылып, демалыс бақтар, аллеялар, ескерткіштер, балалар ойын алаңдары салынып, әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қайырымдылық – рухани құндылықтарды материалдық дүниеден жоғары қою дегенді білдіреді. Олардың ісін осылай өзгелерге үлгі етіп отыру – адамгершілікті, мейірімділікті насихаттау болып табылады, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Салтанататты шарада «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша «Айком ЛТД» басшысы Иса Бимырзаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ басқармасының инженер-технологы Асқар Ноғаев, «Рәббім құрылыс» ЖШС директоры Рәббім Борашев марапатталды.

«Жыл меценаты» таңдауына – «Ана» жекеменшік бөбекжай бақшасының меңгерушісі Джулдибаева Балғаным, «ISG» ЖШС директоры Таги Тагиев, “Альянс ЛТД ЖШС” директоры Асқар Керелбаев лайық деп танылған.

«Туған өлке» марапатына – «Ақ жол құрылыс» ЖШС директоры Асылбек Жолдыбаев, «Чосон» корей этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Олег Ли, «Берекет-Ф» ЖШС директоры Зарета Фаталиева ие болды.

Ал, «Жылдың үздік ұйымы» болып Мұнайлы аудандық «Үммет жастары» қоғамдық қоры, «ИнтегроСофт» ЖШС өкілдері бастаған топ, “Бейнеу шуағы” ұйымы анықталды.

«Жылдың үздік қамқоршысы» – «ОңдасынСтрой» ЖШС директоры Бердіқожа Боранбаев, «Жасыл әлем» МКК директоры Қошқарбай Матиков, Жаңаөзен қалалық орталық мешітінің бас имамы Юнус Асга.

Exit mobile version