Маңғыстауда «Киелі табиғат» экологиялық акциясы өтті

Маңғыстау облысында өңір жастарының қатысуымен «Киелі табиғат» республикалық экологиялық акциясы басталды. Аталған шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар ресурстық орталықтарымен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесе ұйымдастырып отыр, – деп хабарлайды жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі.

Осы орайда Маңғыстау облысындағы барлық аудан жастары сенбілікке шықты. Атап айтқанда, облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары мен Волонтерлар корпусының еріктілері 1 шағынаудандағы теңіз жағалауын тазалап, қоқыстарын жинады.

– Бүгін республикалық экологиялық акцияға волонтерлар да белсенді қатысты. Облыстық жастар ресурстық орталығының мамандарымен бірге теңіз жағалауына шығып, 30-дан аса қап қоқыс жинады. Табиғатты аялау, оған қамқорлық таныту – бәрімізге ортақ. Әсіресе, теңіз жағалауының тазалығына әрбір адам жауапты деп ойлаймын. Себебі бұл жерге жиі келіп демаламыз, алыстан келген достарды қыдыртамыз ғой. Сондықтан осы акция аясында тұрғындарды тазалық сақтауға, өз қоқысын өзі жинауға шақырамын, – дейді Волонтерлар корпусының жетекшісі Нұрлан Нараддинов.

Сонымен қатар Түпқараған ауданының жастары Бейсенбай қорымына барып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы «КаспийЦемент» ЖШС заводына барар жолдың оң жақ бетіне, Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығы Есенғали орманында сенбілік жасады.

Ал Қарақияда 200 адам сенбілікке шыққан. Олар аудан орталығы Құрық ауылы теңіз жағалауында орналасқан “Жолболдин” демалыс алаңына сенбілік жасады. Абай көшесінің қасбетін әктеп, қоршауларын сырлады. Сенбілік аясында 30 тоннаға жуық қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.

– Маңғыстау облысы – аспан астындағы мұражай. Мұнда киелі табиғи қорымдар мен табиғат түзеп берген көрікті жерлер жеткілікті. Бұл орындарға жергілікті халық жиі келеді, сондай-ақ шетелден туристер келіп, өңір табиғатына қызығушылық танытады. Осы орайда жиі табан тиетін қорымның бірі – Бейсенбай қорымы. Бұл Форт-Шевченко қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Бүгін біз Түпқарағанның белсенді жастары, колледж студенттері болып қорымның айналасына сенбілік жасадық. Жиналып қалған қоқыстарды тазалап, айналасын сыпырып, шөп-шалам, жапырақтарын жинадық, – дейді Түпқараған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ринат Нұржан.

Сенбілікке өңірдегі жастар ұйымдары да атсалысты.

– Республикалық «Киелі табиғат» акциясы аясында көпшілікті экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты аялауға шақырамыз. Себебі табиғат – біздің ортақ үйіміз. Оны келекшек ұрпаққа таза әрі әдемі күйде жеткізу – біздің міндет. Маңғыстау өңірінің табиғаты көздің жауын алады, шетелдіктер жиі саяхат жасайды. Ал туризм таза табиғи орындар мен киелі жерден басталады. Осы орайда аймаққа келген әрбір жанға табиғатымызды аялауды ұсынамын, – дейді «Ақтау студенттер Альянсының» атқарушы директоры Парасат Серік.

Айта кетейік, экологиялық акцияның мақсаты – сакралды аймақтарды тазалау, қалпына келтіру, сақтау және экологиялық мәдениетті арттыру.

Exit mobile version