Маңғыстауда кәсіпкерлерге қызмет көрсету қарқыны 126% құрады

Маңғыстау облысында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнесті сервистік қолдау шеңберінде 852 шағын және орта бизнес субъектісіне 886 сервистік қызмет көрсетілді.

Бұл жылдық жоспардың 126,4% орындалғанын көрсетеді. Оның ішінде 266 бухгалтерлік қызмет, 179 заң қызметі көрсетілді. Ал қаржыландыру қызметі 124-ке жетті. Маркетологтың қызметі 317-ні құрады.

Кәсіпкерлер мен бизнес бастағысы келетін тұрғындарға 5 мыңнан астам ақпараттық-талдамалық кеңес берілді. Сөйтіп жоспар артығымен орындалып, 140%-ға жетті.

2022 жылы g4b.kz онлайн-платформасына кәсіпкерлік бастағысы келетін 573 кәсіпкер тіркелді. Олардың бәрі осы платформаның қызметтерін кеңседен немесе үйден шықпай-ақ пайдаланды. Ал 135 тұтынушы «Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары» алаңына келген.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімі 2021-2025 жылдарға арналған жоба аясында 1,6 млрд теңге болатын 48 жоба іске асыруға мұрындық болды. Сол арқылы 60-тан астам жұмыс орны құрылды.

-Бұл жобаның танымалдылығын арттыру ету үшін «Өңірлік кәсіпкерлер палатасының» әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында іскерлердің өздері айтқан алғысын бейнеролик арқылы жариялап отырды. Консультанттарға сапалы көрсетілген қызметтер үшін алғыс білдірген 20 кәсіпкердің видеосы бар. Көпшілікке ашылған бизнес жайлы нақты мысал ретінде суреттер мен бизнес түрі жария етілді, – дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев.

Сондай-ақ, ZOOM қосымшасы арқылы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджер-кеңесшілері «Электрондық сатып алу», «Салық есептілігі», «Цифрлық сауаттылық» тақырыбында бухгалтерлік, заң, мемлекеттік сатып алу салалары бойынша семинарлар өткізді. Оған 130 кәсіпкер қатысты. Осындай жүйелі жұмыстар жемісті нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізді.

Exit mobile version