Маңғыстауда ауылдық елді мекендерде әлеуметтік кәсіп түрлері ашылуда

Биыл Маңғыстау облысында жастардың әлеуметтік осал топтары арасында пилоттық режимде өткен «Жас проджект» жобасының жеңімпаздары ауылдық елді мекендерде өз кәсіптерін ашып, әлеуметтік осал топты қамту бағытындағы жұмыстарды бастап кетті.

1 000 000 теңгеден қайтарымсыз грант қаражатын алған 63 жеңімпаз бірнеше салада жұмыс жүргізу үстінде. Олардың қатарында мүгедектігі бар азаматтарға қоғамның оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жобалар мен спорттық, кәсіби, инклюзивті білім беру орталықтары бар.

Мәселен, Мұнайлы ауданының тұрғыны «Тарих пәнін оқытудағы инклюзивті білім беруді дамыту» жобасын жүзеге асыруда. Ол бұл жоба аясында 70-ке жуық ерекше білім алуды қажет ететін балалардың тарих пәніне деген қызығушылығын арттыру, білімін жетілдіру, танымын кеңейту бағытында қызмет атқаруды көздеп отыр. Жоба жеңімпазының айтуынша, әлеуметтік жоба Мұнайлы ауданы, «№7 жалпы білім беретін мектебімен» бірлесе отырып жүзеге асырылмақ.

– «Балалар жылы» аясында мемлекетіміздің білім беру жолында президент ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын білім беру ұйымдары бағдарламаларын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке даму ерекшеліктері мен әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес бейімдеуі тиіс екенін хабарлай келе, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғандығын негізге ала отырып, тарих пәнін оқытудағы инклюзивті білім беруді дамытқым келеді. Балалардың бойында тарих пәнін қосымша оқи, біле отырып өз елінің тарихын құрметтеуге, бойында рухани – адамгершілік қасиеттердің дамуына, ұлттық құндылықтарымыз бен салт – дәстүрлерді жақсы білуіне, бала бойында патриоттық, отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттердің қатар дами түсуіне және кітап оқу дағдысының қалыптасуына өз үлесімді қоссам деп едім. Жоба аясында тек қана инклюзивті білім беруді қажет ететін балалармен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтар, көпбалалы отбасы балаларын, аз қамтылған отбасы балаларын, жетім, жартылай жетім т.б балаларды оқытуды мақсат етемін. Жоба аясында қосымша екі адамды жұмыспен қамтимын. Көрсетілген статустағы балалар аптасына кемінде 2-3 күн 2 сағаттан бос уақыттарын тиімді, қызықты, әрі пайдалы етіп өткізе алады. Әлеуметтік жобаның шартына сәйкес үш ай көлемінде тегін оқытамын. Бұл жобам арқылы басты басымдылықты балалар мен білім беруге бере отырып, елді мекенімдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге болады деп ойлаймын,- дейді жоба авторы.

Ал, Түпқараған ауданының тұрғыны жоба бойынша берілген гранттық қаржыландыру есебінен ауданда гидропоника тәсілімен жем-шөп дайындауды қолға алмақ.

Жоба авторы 7 күнде топырақсыз өсетін 150 кг мал азығын өсіріп шығаруды, осылайша 3 айда үш тонна шөп өсіруді және тегін қызмет көрсетуді жоспарлауда. Ол бұл жобаны іске асырудың өзектілігін Маңғыстауда өткен жылдары жұттың болуымен байланыстырады.

– Жобаның күтілетін нәтижесі зор. Басқа облыстардан, қалалардан келетін жем азығы қымбат, әрі құнарсыз екені белгілі. Одан кез-келген малдың семіруі және сүтті болуы мүмкін емес. Сондықтан «Гидропоника» әдісін қолданып, оның өнімін бере отыра нәтижесі мен тиімділігін көпшілікке ұғындыру арқылы кез-келген малдың семіз әрі сүтті болуына себепкер болу,- дейді.

Exit mobile version