Маңғыстауда 80-нен астам жас шекарашы ант қабылдады

ҚР ҰҚК шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде 2022 жылдың күзінде шақырылған сарбаздар әскери ант қабылдады.

Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласынан шақырылған 80-нен астам жас сарбаз Отанға адал болуға ант берді.

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, полковник Алмат Жанбаев әскер қатарына шақырылғандарды құттықтады.

-Отанға адалдық ант беру – әрбір жауынгердің өміріндегі ең салтанатты сәт. Одан кейін әскерге шақырылғандар ел қорғауды өз мойнына алып, нағыз жауынгерге айналады, – деді Алмат Жанбаев.

Ант қабылдау рәсіміне әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.

-Біз Шымкент қаласынан келдік. Ұлымызды көрмегенімізге бір ай болды. Оны бәріміз мақтан тұтамыз және әскери қызмет әрбір ер азаматтың парызы деп білеміз. Біз оның командирлерімен кездесіп, телефон нөмірлерін жазып алдық. Олар біздің ұлдарға қамқорлық жасайтыны көрініп тұр, – дейді әскерге шақырылған жас сарбаздың анасы Динара Хожағұлова.

Әскерге шақырылғандар жан-жақты медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден өткен. Шекарадағы қызмет үшін білімі, әлеуметтік ерекшеліктері, моральдық қасиеттері және отбасылық жағдайы да маңызды.

Exit mobile version