Маңғыстауда 100 жас маман көшбасшылық дағдысын қалыптастырды

Саят Ибраимов

Маңғыстау облысында «Жас маман» жобасы іске асып жатыр. Жобаны «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысының білім басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ бірлесе ұйымдастыруда.

Аталған жоба аясында өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 100 жас маман көшбасшылық дағдыларын қалыптастырып, конкурстық жоба жазуды, ораторлық шеберлікті меңгерді.

Жас мұғалімдерді оқытуға @ped.academia педагогикалық шеберлік академиясының төрағасы, Болашақ халықаралық бағдарламалар орталығының стипендиаты, PhD докторант, педагог-тренер Саят Ибраимов келді. Ол «Көшбасшы имиджі» тақырыбын жан жақты түсіндіріп, мұғалімдерге теориялық және практикалық білім берді.

Соңғы уақытта елде педагогтардың дәрежесін көтеру мәселесі жиі қозғалды. Осы орайда педагогтың үш ортасы, атап айтқанда, баламен, ата-анамен жұмыс істеуі және әріптестерінің ортасында өзін ұстауына көңіл бөлінді. Сондықтан оқыту барысында педегог-тренердің нұсқауымен осы тақырыптар бойынша практикалық тапсырмалар орындалды.

«Бұған дейінгі педагогика баланы жетектеу болса, бүгінгі күні баламен бірге даму керек. Бала мектепте бақытты болуы, яғни қарым-қатынасты, еңбектенуді, үйренуді үйрену, дағды қалыптастыруы маңызды. Біз бұрын тек өз пәнімізді ғана білетін болсақ, ХХІ ғасырда дағды игеруді, АКТ, медиа дағдыларын меңгеріп, күнделікті дамуы қажет», – деді Саят Ибраимов.

Педагог-тренер Саят Ибраимовтың айтуынша, оқытуда мұғалімдер белсенді болды. Әрі жаңа дағдыларды қалыптастыруға деген қызығушылығы мен ерекше талпынысы ұнағанын айтты.

Айта кетейік, оқыту үш күнге созылды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

 

Exit mobile version