Маңғыстауда 10-11 сынып оқушылары үшін эксперименттік білім беру бағдарламасы енгізіледі

Маңғыстау облысында келесі оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сыныптары үшін жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасы енгізіледі. Бұл туралы білім басқармасының бөлім басшысы Жания Сармурзина хабарлады.

Оның айтуынша, бағдарлама 2023-2024 оқу жылында енгізіліп, жүзеге асырылады. Ал, алдымыздағы жарты жылдықта мектеп оқушыларына түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Оқушылар 16 түрлі мамандықтың ішінен қалағанын таңдай алады. Атап айтқанда, графикалық және мультимедиялық дизайн, интерьер дизайны, киім дизайны, сәндік қолданбалы және халықтық кәсіпшілік өнері, дәнекерлеу ісі, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ауыл шаруашылығын механикаландыру, нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, жиһаз өндірісі, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, бақ-саябақ шаруашылығы, шаштараз өнері және тамақтандыруды ұйымдастыру.

-ҚР оқу ағарту министрлігінің қарашадағы бұйрығына сәйкес, өңірдегі мектептердің 10-11 сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізіледі. Бұл бағдарлама Ақтау қаласындағы «Маңғыстау туризм колледжі» және Жаңаөзен қаласындағы «Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінде» эксперименттік түрде жүзеге асырылады, – деді Жания Сармурзина.

Эксперименттік білім беру бағдарламасы бойынша оқуға өтінім беру үшін талапкер құжаттарды қабылдау туралы өтінішін, білімі туралы құжаттың түпнұсқасын, өлшемі 3х4 см, 4 дана фотосуретін, №075-У нысанындағы медициналық анықтамасын, жеке басын куәландыратын құжатын ТжКБ ұйымына немесе электрондық үкімет порталына(e.gov.kz) тапсыра алады.

Білім алушылар үшін оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі күніне 4 сағаттан аспайды. Міндетті оқытуға арналған оқу уақытының көлемі кемінде 48 кредитті/1152 сағатты, оқу мерзімі 1 жыл 5 айды құрайды.

Білім беру бағдарламасын сәтті меңгерген және ТжКБ ұйымдарында қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушылар білікті маман болып, орта білім жөніндегі аттестатпен қоса, қосымша кәсіптік білім жөнінде құжат алып шығады.

Exit mobile version